Маңғыстау облысында су тұщыландыратын 9 зауыт салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 33 мың адам баспаналы болады. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту саласында «Жаңаөзен-Ақтау» газ құбырынан магистральдық газ құбыры және «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші тармағы салынады. Сондай-ақ, 118 шақырым электр желісі, 74,4 шақырым жылу желісі және 508 шақырым газ құбыры салынады және жаңғыртылады. 4 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде 220 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салу бойынша жұмыс жалғасады, бұл шамамен 33 мың адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты тәулігіне 260 мың текше метр болатын 9 тұщыландыру зауыты салынатынын жеткізді.

«Сондай-ақ, 844 шақырым сумен жабдықтау және 949 шақырым су бұру желілері салынады және реконструкцияланады. 1059 шақырым автожол салу, реконструкциялау және жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы деңгейін 100%-ға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар