Маңғыстау облысында шөп шабу науқаны жүріп жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданында жергілікті кәсіпкерлер шөп шауып, ауыл-аймақты шөппен қамтуды қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, Ақшымыраудан 120 шақырымда орналасқан Жұмыртқалы жерінде жұмыс істеп жатқан екі бригада 15 күннің ішінде 43 тонна шөп шапқан.

Былтырдан қалған қамба шөпті шауып, ауылға тасып жатқан жергілікті кәсіпкерлер Нұржаубай Нұрбеков пен ағайынды Мұстафиндер әкімдікпен меморондум аясында шөп бағасын 700 теңгеден асырмай отыр.

Шөп шабушылардың айтуынша, әзірге Ақшымырау ауылына тасып жатыр, бірер күнде көршілес Қызан ауылына да апармақ.

Жалпы, Маңғыстау ауданы бойынша 14 кәсіпкерге шөп шабу үшін жер берілген, қазір бесеуі бастап кетті.


Манаш Қыдырқожа мен Қайрат Салықов Үстірттің Бөрібас жерінен шабылған шөпті Шетпе, Басқұдық, Онды ауылдарына 900 теңгеден сатып жатыр.

Ал Тасорпа беттегі Жұмыртқалы жерінен жергілікті кәсіпкерлер шапқан шөп Ақшымырау, Қызан ауылдарына 700 теңгеден өткізіліп отыр.

Оралбаев Қуатбай Мыңкісі әулие маңына шалғы салып, Шебір, Тұщықұдық ауылдарын шөппен қамтымақ. Баға 700-900 теңге аралығында.

Сондай-ақ, Ақтөбенің Қобда ауданындағы кешендермен келіссөз жүріп, «Каспий» ӘКК арқылы шөп әкелініп жатыр және жыл аяғына дейін жеткізіліп тұрмақ.


Соңғы жаңалықтар