Маңғыстау облысында екі аптада 16 оқушыдан коронавирус табылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - 15 мен 30 наурыз аралығында Маңғыстау обылсы бойынша мектеп оқушыларының арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған 16 жағдай, мұғалімдер арасында 6 жағдай тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық- эпидемиологиялық департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

Оның айтуынша, мектеп оқушылары арасында Ақтау қаласы бойынша №13, 20, 6, 12, 21, 23, 5, 6, 15 мектепте және Назарбаев зияткерлік мектебінде, Мұнайлы ауданы бойынша Қызылтөбе лицейінен 2 жағдай анықталды.

Оның ішінде 9 оқушы - оффлайн, 7-еуі - онлайн режимде оқиды.

«Анықталған 16 оқушының 15-і үйдегі қарым-қатынас арқылы, 1 оқушы жедел отаға дайындық барысында анықталып отыр. Ауырған оқушылардың барлығының шағымы жоқ. Қазіргі уақытта 16 оқушының сыныптары үй карантиніне алынды»,-деді Ғазиз Надуев.

Бұдан бөлек Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы эпидемиологиялық ахуалдың қазіргі деңгейіне тоқталды.

«Инфекция жұқтырғандардың 65% тығыз қарым-қатынаста болған ошақта байқалып отыр. Бұл дегеніміз - адамдар эпидемия ошағында сақтық шараларын қадағаламай, ауырып жатыр деген сөз. Қазіргі уақытта аурудың салыстырмалы көрсеткіші Ақтау қаласында өсім беріп отыр. Аудандардың ішінде ең төмен көрсеткіш Бейнеу мен Қарақия ауданында болып отыр»,-деді Ғазиз Надуев.

Маңғыстау облысында соңғы репродуктивті көрсеткіш - 0,77.


Соңғы жаңалықтар