Маңғыстау ауданында 15 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Бекі ауылында ұялы байланыс пен интернет желісі іске қосылды. Тұрғын үйлерге интернет тарту жұмысы бюджет есебінен тегін жүргізілді. Яғни, әр үйге интернет кіргізу үшін тұрғындардан ешқандай төлем алынған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сондай-ақ биыл ауданда ең нәтижелі қызметіміз - ауылдық жерлерді интернетпен қамту бағыты. Әсіресе, көптен күткен Бекі ауылында ұялы байланыс пен интернет желісі іске қосылғаны аудан халқын қуантқан жәйт болды. Жалпы құны 15 млн теңге болған интернет тарту жұмысын «Спецавтоматика» мекемесі жүргізді. Сондай-ақ, Бекі елді мекеніне жақында ғана Kcell операторы арқылы ұялы байланыс орнады. Жыл соңына дейін Tele2 операторының интернеті келеді деп күтіп отырмыз», - дейді Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов.

Сондай-ақ, облыстағы «Манат» асуын мобильді байланыспен қамту үшін антенна діңгектің қаңқасы тұрғызылды. Енді тоқ және интернет желісін тарту жұмысы қалып тұр. Жоба құны – 63 млн теңге.

Бұдан бөлек, Маңғыстау ауданына қарасты Отпан ауылдық округіне қарасты 15-бекет елді мекеніне «Транстелеком» мекемесі арқылы интернет тартылды. Бекеттегі 15 үй толықтай интернет желісіне қосылды.

Ал, Тұщыбек ауылына интернет жүргізуге «Техцентр-мастер» ЖШС-мен келіссөз жүргізіліп, қаржы бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Бозашының төрт ауылы - Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір ауылдарында Beeline операторының жылдамдығы 4G-ге көтерілді.

Осы төрт ауылға талшықты оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Жармыш пен Шайырға Beeline арқылы 4G қолжетімді болса, Ұштағанға да Activ операторы арқылы 4G орнатылды.

Жыңғылды, Шайыр, Тұщықұдық, Онды ауылдарына «Транстелеком» мекемесінің талшықты кабелі тартылды. Ал, Шайыр мен Жыңғылдыға талшықты байланыс жүйесін тартудың жобалық сметалық құжаты дайындалды.

Боздақ елді мекеніне де «Транстелекомның» интернеті қосылып, үйлерге Wi-Fi орнатылды. Ал, Шетпенің интернетпен қамтылмаған шағынаудандарын интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ жұмыс ұйымдастырып жатыр.

Ал, тұрғындар тарапынан интернетке шұғыл сұраныс болған жағдайда «Спецавтоматика» компаниясы Wi-Fi орнатуға және интернетпен бірге радио толқынын қосып беруге дайын. Ол үшін тұрғындардан сұраныс болуы керек.


Соңғы жаңалықтар