Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатын дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатын дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатының 2022-2030 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленуде. Оның негізгі мақсаты - өңірдің қажеттіліктері үшін электр энергиясын, жылу энергиясын және суды үздіксіз өндіру үшін кәсіпорынның тиімділігі жоғары және қаржылық тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Қуаты тәулігіне 24 мың текше метр жаңа тұщыландыру қондырғыларын салу үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру (болжамды құны – 18,7 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2022 - 2024 жылдары) мәселесі қарастырылуда», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның атап өтуінше, комбинат қондырғыларын жаңғырту, кеңейту, қайта құру және (немесе) жаңарту мақсатында 2023-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама әзірленіп, келісу рәсімінен өтуде. Қаржыландыру 66,3 млрд теңгені құрайды.

«Ол ЖЭО-2-нің № 1, 2, 3 турбоагрегаттарын қуаты 139 МВт бу-газ қондырғысына ауыстыру жөніндегі іс-шараларды көздейді. Аталған жобаны іске асыру қорытындысы бойынша қолда бар электр қуаты 888,2 МВт-тан 933,2 МВт-қа дейін ұлғаяды», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар