МӘМС: СҚО-да компьютерлік диагностикадан тегін өту 9 есе артты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің нәтижесінде халыққа көрсетілетін консультативтік-диагностикалық қызмет, соның ішінде қымбат тұратын компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонансты томографиядан (МРТ) өту қолжетімді бола түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тайынша ауданындағы медициналық ұйымдарға баспасөз туры ұйымдастырылды. Мақсат – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өңірдің елді мекендеріндегі медициналық ұйымдардың жұмысын және оның тұрғындарға қаншалықты қолжетімді екендігін көрсету.

Тайынша ауданаралық көпсалалы аурухана бүгінде заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған, мұнда кадр тапшылығы жоқ. Жоғары білікті мамандар өңірдің бірнеше ауданына және Ақмола облысының жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аурухана сырқаттары облыс орталығына бармай-ақ тар ауқымды маманға көріне алады, хирургиялық көмекті, гемодиализ, қалпына келтіру емін және консультативті-диагностикалық қызметті де, соның ішінде КТ мен МРТ-ны да осы ауруханада өте алады.


Мамандардың айтуынша, МӘМС-ті енгізудің нәтижесінде ауылдық ауруханада паллиативтік көмекті де алуға болады.

«Өте ауыр халдегі сырқаттарға да қазір тәулік бойы медициналық көмек бере аламыз. Медбибі көмегін қажет ететіндерге арналған жатын орындарымыз бар. Біздің өңірде жалғызілікті қарт адамдар баршылық. Оларды ауруханаға жатқызып, қуаттық дәрі-дәрмектер беріп, 15-20 күннің ішінде денсаулықтарын қалыпқа келтіреміз. Біздің тұрғындарымызға ыңғайлы болуы үшін Ақмола облысының медициналық ұйымдарымен келісім жасалған. Біздің пациенттерге дәрігердің кеңесін алу үшін Петропавлға барудың қажеті жоқ», - дейді аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальский.


Баспасөз турына қатысушылар сондай-ақ Тайынша ауданындағы Келлеровка отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

Тайынша ауданында тұрғындарға медициналық көмек медициналық ұйымдардың желісі арқылы көрсетіледі. Оған бір ауысымда 400 адамды қабылдай алатын емхана, 120 жатын орны бар стационар, 6 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт және 61 медициналық пункт кіреді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, СҚО-да қаңтар айының қорытындысы бойынша, консультативті-диагностикалық қызмет тұрғындарға екі есе артық көрсетілген. Соның ішінде КТ мен МРТ-ға түскендердің саны 9 есе артқан. 2019 жылдың қаңтарында қымбат диагностиканы 82 адам ғана өтсе, биыл олардың саны 739-ға жеткен.


Соңғы жаңалықтар