МӘМС: Шығыс Қазақстанда 245 мыңға жуық адам әлі сақтандырылмаған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 245 мыңға жуық адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір жұртшылығын МӘМС жүйесіне тарту мәселесі бойынша бүгін облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтовтың төрағалығымен өңірлік штабтың отырысы өтті. Аймақ бойынша 244 729 адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Оның 78 362-сі жалдамалы жұмысшы, 14 016-сы жеке кәсіпкер болса, 88 153-і бірыңғай жиынтық төлемді уақтылы аудармаған.

«Қазіргі уақытта сақтандырылмаған адам саны жағынан алдыңғы орында Шар қаласы тұр. Одан кейін Үржар, Көкпекті, Бесқарағай, Зайсан және Жарма аудандары орналасқан. Жеңілдік алатындар санатына енгізілген облыстың 736 217 тұрғыны үшін жарналарды мемлекет төлеуде», - деді филиал директоры Ғалымжан Әбілов.

Оның айтуынша, қиындық тудырып отырған тағы бір мәселе – медициналық мекемелерге тіркелмеген халық санының көптігі. Жаз басталғалы бер тек 148 адам тіркеуге тұрған. Осыған байланысты биылғы 15 қыркүйек-15 қараша аралығындағы тіркеу науқаны кезеңінде жергілікті атқарушы органдармен ауқымды жұмыс атқарылмақ.

«Міндетті медициналық сақтандыру - бұл денсаулық сақтау жүйесін дамытудың тиімді тетігі. Сонымен қатар бұл медициналық қызметтің сапасын жақсартып, халықтың қосымша қызметтерді алу мүмкіндігін арттыратындығы сөзсіз», - деді облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов.


Соңғы жаңалықтар