МӘМС есебінен 46 қарағандылық қымбат ота жасатты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасының дәрігерлері жыл басынан бері 26 пациентке тізе буынын ауыстыру операциясын жүргізсе, 20 науқасқа жамбас буынын ауыстырды. Осы мақсатқа медициналық сақтандыру қоры 50,2 млн теңге аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тізені ауыстыруға 3-4 дәрежелі деформацияланған остеоартрит негіз болуы мүмкін. Аталмыш ауру буын жарақаттарынан, жұқпалы аурулардан және жасына байланысты өзгерістерден кейін пайда болады. Егер бұрын мұндай пациенттердің көпшілігі 55 жастан асқан адамдар болса, қазір 45 жастан асқандар ота жасатады. Буындардағы өзгерістерді рентген арқылы көруге болады, қажет болған жағдайда диагнозды нақтылау үшін бірлескен КТ немесе МРТ тағайындалады. Емханада диагноз қойылғаннан кейін науқас жоспарлы операцияға жіберіледі.

«Операция 30-35 минутқа созылады. Кішкентай тілік жасалады – шамамен 10 см. Зақымданған тізе буыны алынып тасталады. Оның орнына арнайы материалдан – титаннан, пластиктен имплант орнатылады. Италиялық, америкалық, жапониялық импланттар қолданылады. Біздің клиникада порталға қойылғаннан кейін кезек күту орташа есеппен 1-1, 5 айды құрайды», - деді №1 аурухананың бөлім меңгерушісі Ғалымбек Сайлауұлы.

Қарағандылық Төлеутай Әжікенова тізе буынын ауыстырғаннан кейін оңалтудың бірінші кезеңінен өтуде. Ауруханада қалпына келтіру емі артромотпен айналысуды қамтиды, онда буын жаттықтырылады және физиопроцедуралар жасалады.

«Операция ұзаққа созылмады. Барлық тексерулер, талдаулар емхананың өзінде өтті. Мен сақтандырылғандықтан, ЖК ретінде медициналық сақтандыруға ай сайынғы аударымдарды жасаймын, тексерулер мен операция – барлығы тегін», - дейді №1 көпсалалы аурухананың пациенті.

Тізе ауыстырғаннан кейін қозғалыс аппаратын толық қалпына келтіру шамамен үш айға созылады. Алда оңалтудың тағы екі кезеңі бар - олар да МӘМС пакетіне кіреді және сақтандырылған азаматтар үшін тегін.

Мұндай операциялар Қарағандының тағы екі клиникасында жасалады.

33 жастағы Төлеу Махамбет жарақаттанған соң ауруханаға түскен. Ер адамның сүйегі сынған, содан кейін жалған буын пайда болды. Жамбас буынын ауыстыру қажеттілігі туындады, кейін анықталғандай, науқас сақтандырылмаған болып шықты. Жоспарлы көмекті тегін алу үшін қарағандылық жыл басынан бері МӘМС қорына жарна енгізген. Сонан соң сақтандырылған пациентке қымбат операция тегін жасалды.

«Маған танысым сақтандырылуым керек екенін айтты, сонда мен барлық көмекті тегін алатын боламын деді. Мен бірден бір жылға төледім. Кейін рентгенді тегін жасаттым, анализ тапсырдым, операцияны да тегін өткізді», - дейді Төлеу Махамбет.

Жамбас ауыстыру операцияларын көпсалалы аурухананың хирургтары 20 науқасқа жасады. Олардың шығынын өтеу үшін медициналық сақтандыру қоры 21,8 млн теңге жұмсады. Тағы 28,4 миллион теңге 26 науқастың тізе ауыстыру операциясына аударылды.


Соңғы жаңалықтар