МӘМС: Алматылықтарды емдеу шараларына 182,2 млрд теңге жұмсалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 2020 жылы алматылықтардың денсаулығын сақтауға 182,2 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Жаңа реформа мен тарифтерді теңестірудің нәтижесінде биыл бұл қаражат 1,5 есеге артуда. Соның ішінде, стационарды алмастыратын көмекке бөлінетін қаржы көлемі 2 есе көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының мәліметінше, биылдан бастап стационарды алмастыратын көмек сақтандыру пакетке енгізілген. Бұл қызмет түрін сақтандырылған азаматтар тәуліктік стационарлар мен емханалық-амбулаториялық көмек нысандары арқылы ала алады. Сонымен қатар, стационарды алмастыратын көмек үй жағдайында да көрсетіледі.

Стационарды алмастыратын көмекке: жоғары технологиялар арқылы жасалатын, дәрігердің бақылауымен көрсетілетін қызмет түрлері кіреді. Күндізгі стационар қызметіне: дәрігердің қабылдауы, салалық мамандардың консультациясы, диагностикалық зерттеу түрлері жатады.

Аталмыш көмек тәуліктік стационарларда да көрсетіледі. Ол үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Ота жасар алдында арнайы дайындықты және реанимациялық қолдауды қажет ететін пациент ауруханаға жатқызылады. Ал, шұғыл жағдайларда жолдаманы стационардың дәрігері береді.

Сондай-ақ, тәулік бойғы стационардан шыққан пациенттер, қан құюды қажет ететін, әсері күшті инъекцияларды салдыратын, химия, сәулелі терапияны қажет ететін, сәулелі терапия салдарын реттеуге зәру болған пациенттер де тәулік бойғы стационарға жатқызылады.

Ал, созылмалы сырқаты асқынған пациенттер өмірге қауіп төнбеген жағдайларда емхананың күндізгі стационарында емделе алады. Сонымен қатар, олар жоспарлы сауықтыру курсынан өтеді. Кешенді оңалтудың үшінші кезеңіне жататын пациенттер де күндізгі стационарда емделе алады.

«Күндізгі стационарда емделу үшін сақтандырылған тұрғынның қолында учаскелік дәрігердің жолдамасы болуы шарт. Ал, әлеуметтік маңызы бар, қауіпті және негізгі созылмалы ауруларға шалдыққан пациенттер бұрынғыша, тегін медициналық көмек пакеті бойынша емделетін болады», - деді филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кеткен жөн, сырқаттар емханалар мен стационарларда 3 күннен 8 жұмыс күніне дейін емделе алады. Ал үй жағдайында кем дегенде 3 жұмыс күнін, өткір аурулар кезінде ары кетсе 5 жұмыс күнін құраса, созылмалы сырқаттар асқынған кезде емделу мерзімі 8 жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Естеріңізге салайық, медициналық көмек тиісінше көрсетілмеген жағдайда медициналық сақтандыру қорының 1406 байланыс нөміріне шағымдануға болады.


Соңғы жаңалықтар