Малын қараусыз жіберген тұрғындарға қатаң шаралар қолданылады -Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері малын қараусыз жіберген тұрғындарға қатаң шаралар қолдана бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қараша күні Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылдық округінің тұрғындарына аудандық полиция, прокуратура органдарының басшылығы келіп, мал ұрлығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аудан әкімінің қолдауымен әр ауылдық округте қараусыз жүрген малдар арнайы дайындалған қораларға қамалатын болады.

«Мал ұрлығының алдын алу үшін иесіз малды қамауға мәжбүрміз. Өйткені, қаңғырып жүрген мал кез келген ұрының оңай олжасы екені белгілі. Қамалған мал үшін акт жасалып, иесі анықталады. Мал иесіне 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 15 астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылса, кейбір тұрғынға ескерту жасалды»,- деді Көксу ауданы полиция бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы полиция майоры Нұрболат Төлебаев.

Полиция өкілдері жайылымда жүрген мал «көлденең келген көк аттының» жетегінде кетуімен қатар, автожолда көлік апатына әкелуі мүмкін екенін айтты.

«Қараусыз мал автожолдарға шығып, жол-көлік апатына себепкер болатын жайттар кездеседі. Биыл мал қағудың 10 дерегі тіркелді. Соның салдарынан жолаушылар әртүрлі дене жарақаттарын алды. Тұрғындардың малы аман болып, қылмыстарды болдырмау үшін және түнгі мезгілде жолға шығып кетпес үшін малдарын қараусыз жібермеуді сұраймыз»,- деп толықтырды Нұрболат Төлебаев.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы аумағында мал ұрлығының алдын алуға және заңсыз мал және ет өнімдерін тасымалдауды болдырмауға бағытталған «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар