Мал ұрлығы үшін қандай жаза қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Думан Таев мал ұрлығын азайту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрліктің бастамасымен қылмыстық заңнамаға «Қылмысты бірнеше рет жасағаны үшін» және «Үй-жайға заңсыз кіргені үшін» қылмыстық жауапты күшейту бойынша өзгерістер енгізілді. Аталған белгілерді ауыр қылмыс қатарына ауыстыру арқылы күдіктілер ымыраға келу жолымен жазадан сытылып кете алмайды, бұл ұрлық санын 51,6%-ға (108 718-ден 52 602-ге дейін) төмендетуге мүмкіндік берді», - деді Д. Таев министрдік ұйымдастырған онлайн брифингте.

Оның айтуынша, мал шаруашылығы адамдардың өмірі мен республика экономикасында басым бағыттардың бірі және ауыл халқы үшін ең басты қызмет түрі болып отыр.

Осыған байланысты, мал ұрлығы елдегі ең жиі жасалатын қылмыс саналады.

«ІІМ бастамасымен биыл ақпан айынан бастап Қылмыстық кодекске 188-1 «Мал ұрлығы» бабы енгізілгенін атап өткен жөн. Онда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі ең жоғарғы жаза көзделген. Бұл баптың ұрлықтан басты айырмашылығы – қатаң жауапкершілік. Мәселен жыл басынан бері мал ұрлығы үшін 350 күдікті адам ұсталып, қамауға алынды, бұл ретте 77% (270) қатысты «Қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұрын бұл көрсеткіш 30% пайыздан аспайтын», - дейді департамент басшысы.

Айта кетейік, өткен аптада Қазақстанда 251 мал ұрлығы анықталып, 229 адам ұсталды.


Соңғы жаңалықтар