Мал шаруашылығында экспортты ұлғайтуға баса назар аударылады – Үкімет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мал шаруашылығы саласында тапсырмалар жүктеді, жеп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті болуына және экспортты ұлғайтуға баса назар аударатын болады. Қайта өңдеуші ірі кәсіпорындардың, соның ішінде экспорт процесіне жергілікті өндірушілердің қатысуына мүмкіндік беретін шетелдік инвесторлардың қатысуымен құрылған кәсіпорындардың айналасындағы кооперация ерекше басымдыққа айналуға тиіс. Мұның табысты үлгісі ретінде Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдеу зауытын айтуға болады. Инвестордың шикізатты тартымды бағамен сатып алуының арқасында сүтке сұраныс артып, түйе шаруашылығы қарқынды дами бастады. Бір түйенің құны ел бойынша 2 есеге өсті. Бұл сала аса тартымды бола бастады», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда А. Мамин мал шаруашылығының басқа салаларында да осындай кооперацияны дамыту қажет екенін атап өтті.

«Ұсақ мал басын көбейтуге ерекше назар аудару керек. Сыртқы нарықтардағы қой етіне сұраныстың жоғары екенін және өндірістің өзіндік құнының арзандығын ескерсек, бұл экспортты дамыту үшін қолайлы жағдайды жасайды», - деп тоқталды Премьер-Министр.

Сонымен қатар, ол отандық құс шаруашылығын одан әрі кеңейтуді жалғастыруды тапсырды.

«Бүгінде астық егетін 300 ірі және орташа шаруашылық мал шаруашылығына қызығушылық білдіріп отыр. Мұның өзі саланы дамытуға қосымша серпін береді. Жалпы, мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Мемлекет барлық қолдау шараларын көрсетіп жатыр», - деді Асқар Мамин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдермен бірге әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігін ескеріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді жоспарының жаңа тұжырымдамасын әзірлеп енгізуді тапсырды.

https://kaz.inform.kz/news/prem-er-miinstr-agroonerkasipti-damytudyn-zhana-tuzhyrymdamasyn-azirleudi-tapsyrdy_a3654138


Соңғы жаңалықтар