Мақтааралдағы үйлердің құрылысы 1 тамызда толық аяқталуы тиіс – Өмірзақ Шөкеев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төрағалық еткен кезекті лездемелік жиында Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы өз мерзімінде, яғни, 1 тамызда толық аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өндірістік кестеге сай бақылау жұмыстарын күшейтіп, мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керек. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың құрылысына да назардан тыс қалмауы қажет. Аталған жұмыстардың өз мерзімінде аяқталуына тікелей жауапты екендіктеріңізді ескертемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.


Айта кетейік, Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан орын алған төтенше жағдайға байланысты Мақтаарал ауданында 5 елді мекенде орналасқан жалпы 866 тұрғын үй зардап шеккен болатын. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекен тұрғындарының келісімі бойынша, Мырзакент кентінде 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй «Б.Өтемұратов», «Салиқалы ұрпақ», «Біз Біргеміз» қорлары атынан салынуда.


Құрылыс алаңында 1 550 жұмысшы мен 150 арнайы техника құрылыс - монтаж жұмыстарына жұмылдырылған. 200-дей үйде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Төтенше жағдай нәтижесінде, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы екі негізі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Жаңа тұрғын үй құрылысында толық инженерлік инфрақұрылым салынып жатыр. Сонымен қатар, Фирдауси және Өргебас елдімекеніндегі сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар