Мақтааралдағы су тасқыны: Фердауси ауылында үйлердің құрылысы басталды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданындағы топан су шайған Фердауси ауылында алғашқы 10 үйдің іргетасы қаланды. Бүгінде мұндағы 141 отбасының әрқайсысына үкімет резервінен 8,5 млн теңге аударылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ауылда 150 үй бұзылып, 80 баспананың іргетасын қалауға дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 470 жұмысшы жұмылдырылған. Ал, үкіметтен берілетін қаражаттың 50 пайызын алған тұрғындар үй салуға қажетті құрылыс заттарын сатып алып жатыр.

«Үйімнің іргетасын көтеріп қойдым. Ақшамыз қолымызға тие сала, құрылыс заттарын сатып алдым. Үкіметімізге, облыс, аудан басшыларына, бізге жауапты боп бекітілген Келес ауданының әкімдігіне алғысымыз шексіз», - дейді жергілікті тұрғындардың бірі Музафар Шарапов.

Бұдан бөлек, ауылда үй аулаларын үйінділер мен күл-қоқыстардан тазарту, үй салынатын орындарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Оған өзбекстандық 100 адам мен 10-ға жуық арнайы техникасы, Келес ауданынан 30 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауылдағы 12 көшеден 180 тонна күл-қоқыс шығарылған.


Соңғы жаңалықтар