Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік нысандар жаңадан салынады

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте апат салдарын жойып, қалпына келтіру жұмыстарының барысы баяндалды. Өңір басшысы Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтерген ықшамауданда орталық алаң салу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен әлеуметтік нысандар жаңадан салынады. Фирдауси және Өргебас елдімекендері мен Мырзакент кентінде заманауи фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы мен 1200 орындық мектеп, полиция тірек пункті және 280 орындық балабақша құрылысы басталады. Бұл мақсатта облыс әкімдігі резервінен қаржы қарастырылады»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, бүгінде тасқыннан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент кентінде 425 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 235 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен салынуда. Ал, қалған 190 тұрғын үйдің 150-і - Б.Өтемұратов, 20 үй - «Салиқалы ұрпақ», 20 үй - «Біргеміз» қоры есебінен бой көтеруде.

Жиынға қатысқан мамандар су басқан аумақта 839 тұрғын үйге аккредиттелген сарапшылар техникалық зерттеу жүргізіп, 623 үйге техникалық қорытынды алынғанын айтады. Қазіргі таңда жалпы саны 32 мердігер 383 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Құрылыс аумағында 360 үйдің іргетасы құйылған. 30 үйдің қабырға қалау жұмыстары жалғасуда. Жұмысқа 1124 адам мен 68 арнайы техника жұмылдырылған.


Соңғы жаңалықтар