Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен 5,3 мың тұрғынға 100 мың теңгелік қаржылай көмек берілді

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен бес ауылдың 5,3 мың тұрғынына 100 мың теңгелік қаржылай көмек берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстың Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдауси, Достық, Өргебас елдімекендерінің тұрғындарына Үкімет тарапынан берілетін 100 мың теңгелік қаржылай көмекке 6 347 тұрғын құжат тапсырған. Оның 5 356-сының өтініші мақұлданып, есепшоттарына жалпы 535,6 млн теңге аударылды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғани Рысбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалған 911 адамның құжаты толық болмауына байланысты тиісті көмекті алмаған.

«Қазіргі таңда төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қаржылай көмек беріліп жатыр. Анықтау жұмысы кезінде 146 азаматтың құжаты тиісті әкімдіктің тарапынан расталды. Ал, 62 азаматтың құжаты қайталанса, 4 адам басқа елдің азаматы болып шыққан. Сондай-ақ, 779 азаматтың құжаты комиссияның қарауынан қайта өтетін болады», - деді Ғани Рысбеков.

Бұдан бөлек, топан судың зардабын көрген 5 205 отбасыға кәсіпкер Әлішер Усмановтың қорынан әрбір жанұяға 1 000 АҚШ доллары берілген. Бүгінде дәл осындай көмек алуы тиіс қосымша 120 отбасы анықталып отыр. Нәтижесінде 5316 отбасының есепшотына 2 206 724 760 теңге жіберілді.

Осы сияқты қаржылай қолдауға ие болған жанның бірі Фирдауси ауылының тұрғыны Финаят Файзиев. Ол қиындыққа тап болған азаматтарға көмек қолын созғандарға алғыс айтты.

«Ауылымызды топан су басқан күннен бастап, бізге әртүрлі көмек көрсетіліп келеді. Мысалы, үйсіз қалған кезде түгел ауылды уақытша эвакуациялық орталыққа апарып жайғастырды. Азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етті. Одан бөлек, әкімдіктің қолдауымен ауылды қоқыстан тазартып алдық. Міне, бүгінде 17 млн теңгенің 50 пайызын аударып берді. Сол қаржыға баспанамызды салып жатырмыз. Қалғанын үйдің шатырын жауып болған соң аударатын болды. Кейбір құрылыс материалдарын тегін де жеткізіп беріп жатыр. Осындай көмекке ұйытқы болып отырған Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне және барша халыққа алғыс айтқымыз келеді», - деді Ф.Файзиев.


Соңғы жаңалықтар