Мақтааралда су басқан ауылдардан мыңға жуық мал өлексесі шығарылды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарды тазалау жұмысы жүріп жатыр. Бұл жөнінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Арман Тағаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арман Тағаевтың айтуынша, өңірде тасқын судың астында қалған мал өлекселері сыртқа шығарылып, арнайы пеште өртелуде. Зиянды қалдықтарды 1200 градус температуда өртейтін пеш Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізілген.

Бүгінгі күнге дейін су астында қалған ауылдардан 908 бас үй жануарының өлексесі шығарылды. Олардың ішінде 856 ұсақ мал болса, 39 ірі қара және 7 жылқы мен 6 түйе бар.

Бас маманның айтуынша, өлген малдан тазартылған аумақтарды жағымсыз иіс пен зиянды қалдықтардан арылту үшін 219 тонна дәрі себіледі. Қазіргі таңда ол дәрілердің 100 тоннасы жеткізілген. Ауа райы қолайсыздық тудырмаса, 5 күн ішінде 4 миллион 188 мың шаршы метр аумақ дәріленеді деп жоспарланған.

Дегенмен, су астынан шыққан мал өлексесінің көпшілігі Өзбекстан Республикасына тиесілі болғандықтан, оларға арнайы мал ауруларына арналған вакцина егілгені жөнінде мәлімет жоқ. Сондықтан, Мақтааралдағы иттер көрші елден сумен ағып келген мал өлекселерін жеп, ауру тарату қаупі туындауы мүмкін. Бүгінде бұл аймақтағы иттердің де көзін жою жұмыстары қолға алынып, иелеріне ескерту жасалған.

Бұдан өзге топан сумен бірге ағып келген балықтардан да сынама алынып, лабораториялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері анықталғанша жергілікті тұрғындарға балық аулауға рұқсат берілмейді. Бұл жұмыстардың барлығына арнайы техника жұмылдырылған.

Атап өтейік, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тасқын болған елді мекендерде түйнеме тіркелмегенін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар