Мақтааралда Қосман Айтмұхаметовке ескерткіш-бюст орнатылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданында саналы ғұмырын еліміздің көркеюіне, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуына және Түркістан облысының жандануына арнаған аптал азамат, мемлекет қайраткері Қосман Айтмұхаметовке ескерткіш-бюст орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, елдің ұлы ұлықталған іс-шараға өңір әкімдігі, Қосман Қайыртайұлының анасы, бауырлары, әріптестері мен Мақтаарал ауданының тұрғындары қатысып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған отаншыл тұлға былтыр 57 жасқа қараған шағында дүниеден озған болатын.

«Түркістан облысын дамыту жолында айрықша еңбек сіңірген ол мемлекеттік қызметтің қай саласында болмасын өзін іскер ұйымдастырушы, талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Біліктілігі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында әрбір істің көзін таба білетін бастамашыл қасиеттерімен бүгінгі қоғамның дамуына өзіндік еңбегін сіңірді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сенімді серігі, әріптесі ретінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, Түркістан қаласының өркендеуіне зор үлесін қосты»,- деді аймақ әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Қосман Қайыртайұлы облыс орталығы Түркістан қаласын өркендетуге белсене атсалысты. Сондай-ақ Арыс қаласын қайта қалпына келтіру, Мақтаарал ауданында топан судан зардап шекккен елді мекендердің қайта бой түзеуі бағытында еңбек етті. Төтенше жағдайды жою жөніндегі штабқа басшылық жасап, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүруіне үлес қосты.

Ауыр дертке қарамастан мақтааралдықтармен бірге болып, сын сағатта азаматтық, қайсарлық таныта білді. Апат салдарынан бұзылған, қираған үйлердің орнын тазарту, тұрғын үйлер салу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Мал-мүлік шығындарын есептеу кезінде де бақылауды босаңсытпады. Елді мекендерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруға да өлшеусіз үлес қосты.

Су тасқынынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары қоныстанған Мырзакенттегі жаңа шағынауданда іскер басшының қолтаңбасы бар.

Осыны ескерген мақтааралдықтар мен Мақтаарал ауданы әкімдігі тарапынан Мырзакенттегі орталық көшеге Қосман Айтмұхаметовтің есімін беру жөнінде республикалық ономастикалық комиссиясына ұсыныс жолданған. Нәтижесінде комиссия оң шешім қабылдап, арда азаматтың атына көше берілген болатын. Ал 15 қазанда аптал азаматтың айбарлы ескерткіш-бюсті шағынаудандағы жаңа саябақтың төріне орнатылды.


Соңғы жаңалықтар