Мақтааралда бір жасар сәби су толы ыдысқа құлап кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Суға түсу маусымы аяқталғанымен қайғылы оқиғалар әлі де болып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мемлекет жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында. Жер аумағымыз үлкен болғандықтан, еліміздің кей өңірлерінде күн әлі де жылы. Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Шаштөбе ауылының шетіндегі су қоймасынан 1973 жылы туған азаматтың мәйіті табылды. Ол шомылуға тыйым салынған жерде суға түсіп, 16:00-де батып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, ол мас болған», - дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.

Сондай-ақ, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жалын ауылында ата-анасының көзінен таса қалған қыз бала 30 литр су құйылған ыдысқа құлап кеткен.

«2018 жылы туған бүлдіршін ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта жағдайы ауыр», - дейді ол.

Владимир Беккер кішкентай балалары бар отбасыларға кеңес берді.

«Біз үйінде кішкентай баласы бар адамдарға абай болыңыздар деп жиі айтамыз. Ата-ана баланы үйде жалғыз қалдырған кезде оған қандай қауіп төнетінін саралай білуі керек. Кішкентай балалар қоршаған ортасын танып-білгісі келгендіктен көп қозғалады. Көзден таса қылсаң, бірдеңені бүлдіріп қоюы мүмкін», - дейді комитет төрағасы.



Соңғы жаңалықтар