Мақтаарал: Эвакуациялық пунктерде мобильді ХҚО-лар жұмыс істеп жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға бес мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары көмек көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның тапсырмасымен төтенше жағдай салдарынан эвакуацияланған Мақтаарал ауданының тұрғындарына құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу үшін 5 мобильді топ жіберілді.

«Барлық қажетті құралдармен жабдықталған мемлекеттік корпорацияның мобильді ХҚО-лары аудан бойынша орналасқан 24 эвакуациялау пунктін кезекпен аралайды. Мамандар зардап шеккен жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша құқықтық кеңес беріп, құжаттарын қалпына келтіру үшін өтініш қабылдайды. Бұл ретте тұрғындарды құжаттандыру бойынша миграциялық қызмет басқармасымен және басқа да атқарушы органдармен жедел түрде ықпалдасу ұйымдастырылған», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан.


Мобильді топ бірінші жұмыс күні 150-ден аса адамға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берген. Эвакуациялау пунктерінде мақтааралдықтардың жоғалған құжаттарын қайта рәсімдеуге өтініштер қабылданып жатыр.

«Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылысқа байланысты төтенше жағдай кезінде де мемлекеттік корпорация қызметкерлері жұмысын тоқтатпай, жергілікті әкімдікпен бірлесе штабтарда, далалық жағдайда апаттан зардап шеккен азаматтардың құжаттарын ретке келтіру үшін үздіксіз қызмет етті. Төтенше жағдай кезінде арыстықтарға ХҚО мамандары 17 мың қызмет көрсетті», - деді корпорациядан.


Соңғы жаңалықтар