Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды. Жалпы аумағы 38,2 мың гектар жерде терім жұмыстарына 15 бригада мен 403 терімші қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда негізінен қол терім жұмыстары жүргізіліп, 125 гектар мақта алқабынан 269,5 тонна «ақ алтын» қамбаға жиналды. Терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген.

Қосымша ауданға АҚШ-тан 23 дана «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынып, терім жұмыстарын жеңілдетіп отыр. Бүгінде дайын өнімді машиналық әдіспен теру 66%-ға жеткізілмек.

Сала мамандарының сөзінше, биылғы мақта терім науқанына 514 доңғалақты трактор мен 1206 тіркеме және 151 комбайн қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 60-тан астам бекет шаруаларға қызмет көрсеткен. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайындалуда.

Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар жағармай шаруаларға таратылуда.


Соңғы жаңалықтар