Максим Споткай: Жастардың көп тілді білгені – жаман емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады», - дейді. Тілге, дінге, этносқа бөлінбейтін ұлт ретінде мерейтойымызды қарсы алайық. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай ҚР Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тәуелсіздік – аспаннан түскен сый емес. Қазақ – Егемендік үшін ғасырлар бойы күрескен халық. Бұл күрес 91 жылмен аяқталған жоқ. Қазір де жалғасуда. Тіпті қазіргі күрестің өз ерекшеліктері бар. Біз, ең алдымен, азаматтарымыз бен өскелең ұрпақтың тарихи санасын, заманауи, азат көзқарасын нығайтуымыз қажет. Міне, осы бағыттағы күрес тоқтамауы шарт.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз осы туралы айтты. Жалпы, меніңше, бұл мақала аса жауапты кезеңдегі еліміздің негізгі идеологиялық бағыттарын көрсететін құжат деп атауға болады.

Біртұтас ұлт болу – оңай емес. Аз емеспіз, көппіз. Түрлі пікір-көзқарастарымыз да бар. Оңтүстік-солтүстік, нағыз-шала, корей-ұйғыр, қазақтілді-орыстілді деген факторларға бөлінбеуміз қажет. Сондықтан бізді біріктіретін мықты ұғымдар да болу керек. Президентіміз олар туралы да айтты.

Біріншіден, ең мықты біріктіруші фактор – бұл тіл. Бір тілде сөйлейтін ұлттың болашағы зор. Жастар көп тіл білсе – жаман емес, бірақ бір-біріңді түсіну үшін, қоғамның тынысын терең сезіну үшін бәріміз мемлекеттік тілді білгеніміз жөн. Оның үстіне ортақ менталитет пен рухани құндылықтарды қалыптастыру жолында тіл басты рөлге ие.

Екіншіден – өзінің жері бар халық қана мемлекет деп аталады. Жер шетелдіктерге сатылмайды деп айтты Президентіміз. Бірақ осы жерді дұрыстап пайдалануымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамытып, табиғи ресурстарды қорғап, табиғатымызды құрметтеуміз қажет. Аз еңбек ресурстары бар аймақтарға қандастарымызды шақыру да артық емес.

Үшіншіден, ортақ тарихымыз бар. Балаларға арналған фильмдерді түсіруді, кітаптарды жазуды және қазақ халқының тарихи шежіресін басқа тілдерге аударуды толықтай қолдаймын. Мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды насихаттайық.

Төртіншіден, ұлтаралық келісім. Біз 90-жылдардың басында әлеуметтік және ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеген халықпыз. Көпұлттылықты көпшілік ойлағандай кемшіліктен артықшылыққа айналдыра білдік. Болашақта да осы мақсатқа жұмыс істейік.

Бесіншіден, ортақ болашағымыз бар ұлтпыз. Шынымен де, шетелдерге оқуға кететін жастарымыз бар. Мен де олардың бірімін. Бірақ оқудан соң елге қайтқан азаматтарымыз аз емес. Шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді мемлекет үшін пайдалануымыз керек. Себебі біз Қазақстанға сенеміз.

«Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады», - дейді. Дәл солай. Біз тілге, дінге, этносқа бөлінбейтін ұлт ретінде мерейтойымызды қарсы алайық. Олай болса ешқандай да деструктивті сыртқы я ішкі күштер Тәуелсіздігімізге әсер етпейді. Осы факторларға мән берсек, мемлекеттілігіміз мәңгі болар. Мен оған кәміл сенемін.


Соңғы жаңалықтар