Мағзұм Мырзағалиев жаңа экологиялық кодекс туралы: Бұл - реформаторлық құжат

None
None

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экологияны жақсарту үшін біздің өнеркәсіпте айтарлықтай техникалық және технологиялық жүйелі өзгерістерді іске асыру қажет. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа Экологиялық кодекске қатысты осындай пікір білдірді, д еп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Экологиялық кодекске үш күн бұрын қол қойған болатын.

«Бүгінгі күні қоғамды экология мәселелері, қоршаған ортаның жағдайы көп толғандырып келеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ретінде бұл мені, әрине, қуантады. Азаматтардың белсенділігі мен берік ұстанымы бізді тиімді шаралар қабылдауға ынталандыратыны сөзсіз», - деді Мағзұм Мырзағалиев бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, Президент Жолдауында қоршаған ортаны қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне айрықша назар аударылған.

«Біріншіден, жаңа Экологиялық кодексті қабылдау туралы айта кетейін. Бұл - аса маңызды құжат. Ол жан-жақты талқыланды. Жасыратыны жоқ, экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті ескеру қажет болғандықтан, қиындықтар кездесті. Экологиялық ахуалды барынша тез жақсартамын деген азаматтардың ықыласын түсінуге болады. Алайда бұл ахуал бір дегенде емес, бірнеше жылдың ішінде оңалады. Себебі экологияны жақсарту үшін біздің өнеркәсіпте айтарлықтай техникалық және технологиялық жүйелі өзгерістерді іске асыру қажет», - деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев қ абылданған құжатты реформаторлық деп атады.

«Және де ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) мен Еуропа елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып, пысықталды», - деді министр.



Соңғы жаңалықтар