Мағзұм Мырзағалиев бекіре балығын өсіруге қатысты жоспарды айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бекіре балығын өсіруге қатысты жоспарды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтарымен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Ал импорттың 95 пайызын теңіз және мұхит балықтары құрайды. Мен бұдан бұрын айтып өткендей, бекіре және албырт тұқымдас балық түрлерін өсіру арқылы импортты алмастыруға болады», - деді министр Үкісмет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық жобалардың есебінен 2024 жылы нарықты бекіре балықтарымен қамтамасыз ету 10,2 пайыздан 65 пайызға, ал албырт балықтары бойынша 6 пайыздан 86 пайызға жеткізу ескерілген.

«Келесі он жылдың ішінде қолдағы бар су айдындардың сыйымдылығын ескере отырып, экспорт көлемі арттырылатын болады. Балық өсірудегі бар әлеуетті қолдануды жеңілдету және тездету мақсатында тиісті шараларды жүзеге асырудамыз. Біріншіден, Ғылыми-өндірістік орталықпен бірлесіп, балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледік. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді», - деді Мырзағалиев.

Сонымен қатар ол заңнаманы жетілдіру бағытына да тоқталды.

«Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарына өзгерістер әзірлеп, тиісті заң жобаларына енгіздік. Қазір түзетулер Президент Әкімшілігімен келісіліп жатыр», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі.


Соңғы жаңалықтар