Магистратура емтиханы онлайн көрсетілім арқылы бақыланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Магистратура грантына үміткер қабылдау емтиханы ел аумағындағы 17 кешенді тестілеу пунктінде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Магистратураға үміткерлерді қабылдау емтиханын ұйымдастыру тәртібін Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов айтып берді.

«Биыл магистратура емтихандарын бірінші рет кешенді тестілеу форматында өткізгелі отырмыз. 13 мың грант болса, оған үміткерлер саны 30 мыңнан асады. Яғни, бәсеке бар деген сөз. Бәсеке болған соң, әр түрлі кісілер әр түрлі жолдын табуға тырысады. Біздің мақсатымыз – емтиханды ашық әрі әділ өткізу. Бакалавр грантын ҰБТ бойынша үлестіріп келеміз. Сол тәжірибені мұнда да пайдаланатын боламыз. Әсіресе, онлайн-жүйе арқылы тесті бақылау өзінің тиімділігін көрсетті. Адамның қатысуынсыз, автоматты түрде грант үлестірудің арқасында ата-аналардан түсетін шағымдардың саны да азайды деуге болады. Онлайн-тестілеудің арқасында барлық жерде бүкіл үміткерге бірдей шарт пен жағдай жасалады», - дейді орталық басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, магистратура гранттары бес күндік тестілеу нәтижесінде үлестірілетін болады. Ал оның әділ өтуі үшін барлық технологиялық мүмкіндіктер қолданылмақ.

«Магистратура емтихандары 10-16 тамызда 27 кешенді тетілеу пунктінде өтеді. Бірінші күннен бастап адал өткізу стандарттарын енгізу қажет болады. Бұл адалдық межесі соңғы күнге дейін түспеуі керек. Осы үшін тестілеу пунктеріне 300-ден астам ұялы байланысты шектегіш аппарат, 128 метал іздегіш, 298 камера қойылады. Барлық аудиториядан онлайн көрсетілім болады. Бақылау комиссиясына енген мониторинг тобының өкілдері арнайы бөлмеде сол көрсетілім арқылы жағдайды бақылайды. Арнайы мониторинг топына кірген жергілікті өкілдер өз ортасында өте беделді тұлғалар. Бұл да өзінің оң әсерін береді деп олаймыз.Заңсыздық байқаса бірден араласатын болады. Ең бастысы байқаған заңсыздықты бірден тіркеп, дәлел ұсыну қажет болады. Тестілеу кешендерінде тыныштықты қамтамасыз ету үшін аудиторияда жекелеген адамдар ғана жүреді. Ертең комиссия өкілдері өңірлерге аттанады. 13 мың гранттың артында мемлекеттің қомақты ақшасы тұр. Сондықтан бұл шараны асқан жауапкершілікпен өткізуіміз қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар