Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Геральдика орталығы құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Геральдика орталығын құру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бүгін елордада өткен Мемлекеттік рәміздер мен наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтты.

«Бұл жұмысты үйлестіретін кез келді. Мұнда бірыңғай мемлекеттік стандарттар болуы тиіс. Әркімнің өз бетінше жұмыс істеуі дұрыс емес. Барлық ведомстволар осы ережелерге сүйенетін болады. Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл болды. Сондықтан бұл мәселе пісіп-жетілді деп ойлаймын. Дәл осы Геральдика орталығы нақты бір ұсыныстарды мақұлдау немесе бас тарту бойынша мемлекеттік комиссияға ұсынымдар енгізуі керек», - деді ол.

Қырымбек Көшербаев Мәдениет және спорт министрлігіне 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін министрлік жанынан Геральдика орталығын құру туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығымен бірлесіп, барлық облыстар мен қалаларда Мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталықтарын ашу туралы тапсырма берді.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөнінде республикалық комиссия отырысы өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік рәміздердің импортына тыйым салуды ұсынды.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының дәрежелері алынып тасталып, ұқсас наградалар біріктіріледі.

Соңғы жаңалықтар