Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлерді үш санатқа бөліп, жұмыс тәртібін өзгертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері үш санатқа бөлініп, жұмыс кестелеріне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты министрлік пен оған бағынышты ұйымдар бойынша жедел штабтар құрылды. Тұрақты жұмыс режімін қамтамасыз ету мақсатында мамандардың үш санаты анықталды. Бірінші санат – жұмыс орындарында міндетті түрде болуға және ұйымдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге тиісті адамдар. Екінші санат – қызметті қашықтықтан тыс істей алатын мамандар. Үшінші санат – ақылы немесе ақылы емес еңбек демалысына жіберу мүмкіндігі бар адамдар», - деді Өркен Бисақаев ОКҚ-да өткен онлайн-форматтағы баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша Мәдениет және спорт министрлігі жүктелген функциялар мен міндеттерге сәйкес келесі шараларды қабылдап жатыр.

«Мәдениет саласында Қазақстанда және шетелге жоспарланған гастрольлдік қызмет толықтай тоқтатылды. Концерттер мен спектакльдер, қойылымдар, форумдар мен семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шаралар тоқтатылды. Сонымен қатар кітапханаларға, мұражайларға бару, оның ішінде тарихи, мәдени мұра нысандарына экскурсиялар тоқтатылатын болды. Балалар музыка мектебі, би және бейнелеу үйірмелері секілді қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы да, кинотеатрлардың қыметі тоқтатылады», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар