Мәдениет министрлігі карантинде қандай онлайн жобаларды жүзеге асырып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі өнер мен спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобаны онлайн нұсқада жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, күн сайын сағат 08:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хештегімен спортшылардың қатысуымен таңғы жаттығу өтеді. Бұл жоба аясында елге есімі таныс атлеттер тұрғындарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндейді.

Ал сағат 12:00-де #óneronline хэштегімен мəдениет саласында онлайн-дәрістер өтіп жатыр. Тəжірибелі шеберлер өз саласының қыр-сырымен таныстыратын жобаны Мәдениет және спорт министрлігінің Facebook парақшасынан тамашалауға болады.

Сағат 14:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хештегімен спорт тақырыбында онлайн-дəрістер мен жарыстар өтеді. Мұнда спорт майталмандары əр спорт түрінің қалыптасуы, тарихы, дамуы жайында баяндайды.

Сағат 17:00-де #óneronline хештегімен мəдениет, өнер тақырыбында онлайн-дəрістер ұйымдастырылады. Бұл шеберлік-дәрісін де Мәдениет және спорт министрлігінің Фейсбук парақшасынан тамашалауға мүмкіндік бар.

Сағат 18:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хэштегімен спортшылардан, бапкерлер мен спорт мамандарынан онлайн-сұхбат алынады. Қысқа əңгіме барысында спортшылар қызықты оқиғаларымен, ал бапкерлер өз жұмысының ерекшелігі жайында баяндайды.

Сағат 21:00-де «Карантиндегі жұлдыз» айдарымен эстрадамыздың танымал əншілері онлайн-концерт береді. Сонымен қоса өнер иелері тыңдарман тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасады.

Көрермендер онлайн-концертті Қазақтелекомның Youtube арнасынан және Мәдениет және спорт министрлігінің Facebook парақшасынан тамашалай алады.

Мұнан бөлек, 1 сәуірден бастап сағат 9:30, 13:30, 16:30-да мəдениет, өнер тақырыбында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ радиосының бірлескен жобасы - «Халық қазынасы» тікелей эфирде шығып жүр.

Сондай-ақ, «Тіл-Қазына» орталығы «Мемлекеттік тілді оқыту əдістемесі» атты онлайн-курстар ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар