Мәдени демалыс: Нұр-Сұлтанда осы аптада қандай іс-шаралар өтеді
2022 жылғы 29 наурыз 12:49

Мәдени демалыс: Нұр-Сұлтанда осы аптада қандай іс-шаралар өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындары мен қонақтары осы аптада өтетін концерттер барысында сүйікті әртістерінің өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ еліміздің көрнекті қайраткерлері туралы дәріс тыңдап, мұражайларды аралай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік академиялық орыс драма театры осы аптада үш қойылым ұсынады: 29 және 30 наурызда сағат 19:00-де А.Касонның «Дикарь. Третье слово»; 2 сәуірде сағат 11:00-де А.Болдиновтың «Приключения Аистенка» ертегісі; сол күні сағат 18:00-де А. Островскийдің «Гроза» драмасы.

29 наурыз күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Әлем» эстрадалық би ансамблі өнер көрсетеді. 31 наурыз күні сағат 19:00-де «Астана» концерт залында «В потоке времени» ішекті аспаптар квартетінің концерті өтеді. 2 сәуір күні кешке елордалық филармония үрмелі аспаптар оркестрі мен «Компьютерлік ойындардың саундтректері» камералық хорының музыкалық кешін ұйымдастырады.

2 және 3 сәуір күндері сағат 16:00-де Астаналық цирк жұртшылықты Алматы мемлекеттік циркінің «EXCENTRIKO» бағдарламасына шақырады.

«Жастар» театры көрермендерге екі қойылым әзірлеп отыр: 29-31 наурыз аралығында – Қ.Жүнісовтің «Пранк махаббат» комедиясын, 2 және 3 сәуірде – І. Есенберлиннің «Ғашықтар» драмасын ұсынады.

Қуыршақтар театрында 28-31 наурыз күндері «Наурыз-думан» қуыршақтар шоуы өткізіледі, 1-3 сәуір аралығында Г.Х. Андерсеннің «Кішкентай су перісі» ертегісін тамашалауға болады.

31 наурыз бен 1 сәуірде Музыкалық жас көрермен театры «Табысты орын» комедиясын, ал 3 сәуірде «Махаббат – Жүрек» музыкалық-поэтикалық спектаклін көрсетеді.

Nomad City Hall сахнасында 1 және 2 сәуірде Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» премьерасын ұсынады.

Нұр-Сұлтан қаласының біріккен музейлер дирекциясы да осы аптада көптеген іс-шара жоспарлап отыр. Олардың басым бөлігі көбірек көрермен жинау үшін онлайн форматта ұйымдастырылады. 28 наурызда АЛЖИР тұтқындарын еске алуға арналған көрме өтеді. 1 сәуірде «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің аккаунттарында танымал қазақстандық әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Табиғат сыйлаған дарын» атты дәріс өтеді.

1 сәуірде дирекция «Сол қанды уақытта» көрмесін, ал 3 сәуірде «Тағдырды байланыстыратын жіп» экспозициясын ұйымдастырады.
30 наурызда Сәкен Сейфуллин музейінде дәстүрлі түрде онлайн экскурсия, 31 наурызда «Сәкен және Рахима Халфина» атты зерттеу-мақала жарияланады.

Елорда кітапханалары апта бойы атаулы күндерге орайластырылған кітап көрмелерін, оқу сағаттарын, кездесулерді, әдебиеттерге шолулар мен ашық есік күндерін өткізеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын мәдени іс-шараларға шақырамыз.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT