Лондонда Орталық Азия елдерінің өкілдері Наурызды тойлады

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Әз-Наурыз Ұлыбритания астанасында кеңінен тойланды. Лондон орталығындағы оқу орынының алдында сахна құрылып, Орталық Азия өкілдерінің қатысуымен концерт өтті. Түркі халықтары, оның ішінде қазақстандықтар да бар, ұлттық өнері мен салт-дәстүрлерін британиялықтар алдында паш етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық Азия елдерінің көктем фестивалі UCL университетінің ауласында дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын. Бірақ соңғы екі жылда коронавирустық шектеулерге байланысты аталып өтілмеді. Сондықтан болар халықтың бұл мейрамды сағынып қалғаны байқалып тұрды. «Көптен бері көрмеген достарымен қауышып, емен-жарқын әңгімелесу бақытына ештеңе жетпейді», дейді жиналғандар. Оның үстіне әртүрлі ұлттардың өнері құлақтың құрышын қандырады.

«Көрермендерге дәстүрлерімізді, фольклорымызды, музыкамызды көрсеттік. Бізді шақырғандарына көп рақмет. Балаларымыз да салт-дәстүрлерімізді біліп қалды», - дейді «Ләйлазар» түркімен ансамблінің музыкалық жетекшісі Гунча Мамеддурдыева .

Ал оқу орнынының фойесі уақытша көрме алаңына айналды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да Орталық Азия елдерінің өкілдері салт-дәстүрлерінен сыр шертетін әшекей бұйымдарын, кәдесыйларын жиналған қауымға таныстырды. Бұл жерде ұлттық тағамдардан да дәм татып көру мүмкіндігі туды.

«Өзім Алматыданмын. Лондонда 5 жылдан бері тұрамын. Бұған дейін Еуропада, оның ішінде Норвегияда 20 жыл отбасымызбен өмір сүргенбіз. Бүгін Наурызға келіп, өте ерекше қуандық. Өзіміздің жұртымыздың дәмін татып, риза болып жатырмыз», дейді Лондон қазағы Хадиша Сазанбаева.

Далада өзбек ағайындар палау пісіріп, саудасын қыздырды. Халық ұзын-сонар кезекте тұрса да, мерекелік көңіл-күйлері бұзылмады. Қазақстандық өнерпаздар да сахнаға шығып, жырдан шашу шашты, мың бұрала биледі. Ешқайсысы кәсіби әнші-биші емес. Бірақ ұлттық өнерімізді көпшілікке жеткізуді өздеріне парыз санайды.

«Жырақта жүрсек те Наурызды тойлап, ауылды сағынып, кішкене толқып, осы әнді бүкіл қазақ қауымына арнадым», - дейді домбырамен Мұқағали Мақатаевтың «Сағындым» әнін орындаған Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қызметкері Кәмшат Күмісбай .

Сахнаға шығып, «Қамажай» биін билеген 9 жасар қазақстандық Айзере Айнабекова: «Менің әкем «Болашақ» бағдарламасы арқылы Бирмингем университетінде білім алып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ата-анаммен Лондонға келдім. Британиялық көрерменге биімді арнадым. Лондондағы наурыз маған өте ұнады. Себебі бұл жерде әртүрлі ұлттардың салт-дәстүрлерін тамашаладым», -деді.

Көрермендер қатарында Біріккен Корольдікте тұратын түркі халықтары ғана емес жергілікті тұрғындар да бар. Британиялықтар дүниетанымдарын кеңейтіп, жаңа мәдениетпен танысқандарына дән риза.

«Өте керемет. Бұл менің бірінші рет қатысуым. Келер жолы отбасымның мүшелерін түгел ертіп келемін деп ойлаймын. Мен Орталық Азия туралы көп нәрсе білдім. Бұған дейін сіздердің мәдениеттеріңіздің алуантүрлілігі туралы хабарым болмаппын», дейді Лондон тұрғыны Соника Конжакшн.

Жиналғандар арасында кішкентайларын ертіп келгендер көп. Көпшілігі шетелде оқу оқып немесе жұмыс істеп жүрген қазақтар. Балалары ағылшынша ғана емес, ана тілінде де сайрап тұр. Дәстүрлерді жатқа біледі.

«Бәле-жәледен аулақ қып, таттырма еш қасірет. Дүниенің бар жақсысын адамзатқа нәсіп ет. Әумин», деп бала тілек-батасын қазақстандық бүлдіршін Әмірсұлтан Айнабеков арнады.

Төрт сағатқа созылған Лондон төріндегі Наурыз мерекесі аяқталса да, халық тарағысы келмей ұзаққа дейін тұрды. Барлығының тілегі бір: Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт - береке, бақыт пен молшылық әкелсін!


Соңғы жаңалықтар