Лондонда Қазақстандағы парламенттік сайлау тақырыбында жиын өтті

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов алда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысты брифинг өткізді. Оған саяси және бизнес-истеблишмент, сондай-ақ британиялық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара «гибридті» форматта ұйымдастырылды, яғни қонақтар бетпе-бет және онлайн форматта сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Брифингке қатысушыларға тәуелсіз Қазақстанның саяси даму тарихы, елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар, сондай-ақ сайлауға дайындық барысы туралы мәлімет берілді.

Қонақтарға сайлаудың негізгі кезеңдері, сайлау процесі және Қазақстанның заңнамасы, сайлауға қатысатын партиялар, халықаралық бақылаушылар мен шетелдік баспасөз өкілдерін аккредиттеу, сондай-ақ COVID-19 пандемиясына байланысты сайлау процесіне қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы өзекті ақпарат ұсынылды.

«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан демократиялық, еркін және ашық қоғам құру бағытын таңдап алды. Еркін және әділ сайлау еліміздің Конституциясында бекітілген Қазақстанның мемлекеттік билігін ұйымдастырудың негізгі қағидаты. Алдағы сайлауда ел басшылығының Қазақстанның саяси дамуындағы ілгерілемелі прогресс бағытына бейілділігі тағы да расталады деп сенемін», - деді Ерлан Ыдырысов.

ҚР Елшісі Қазақстанда саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатқанын, оның маңызды міндеттерінің бірі сайлауды ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес өткізу екендігін атап өтті.

«Осы мақсатта, атап айтқанда, саяси партияларды тіркеу шегі 40-тан 20 мың адамға дейін төмендетілді, саяси партиялардан кандидаттар тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Жиын бостандығын қамтамасыз ететін заңнама да либералды реформаларға ұшырады», - деді өз сөзінде Ерлан Ыдырысов.

Брифинг қонақтары сайлау процесінің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету институттары туралы, сондай-ақ Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде сайлауды өткізудің ережелері туралы сұрақтарға жауап ала алды.


Соңғы жаңалықтар