Лондонда ерлікке тағзым етілді

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Пандемияға байланысты Лондонда Жеңіс күні жылдағыдай кең көлемде атап өтілмеді. Дей тұрғанымен, Империялық әскери мұражайы саябағындағы мемориал жанында еске алу рәсімі ұйымдастырылып, қанды майданда от кешкендерге тағзым етілді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Лондондағы тілшісі.

Жеңіс күнін Ұлыбритания астанасында тойлағандардың бірі Семей қаласының тумасы, зейнеткер Ғазиза Анафина. Ол Лондонда тұратын балаларын көру үшін Тұманды Альбионға қыдырып келген. Жеңіс күнінде Анафина соғыс ардагері, атқыштар девизиясының жауынгері болған әкесі Қалдыбек Имашевты еске алу үшін гүл шоқтарымен мемориал жанына келді.

«Қазір енді ол кісі жоқ. Біз жылда 9 мамыр күні Семейдегі апа-сіңілілер болып, бейіт басына барып, гүл шоқтарын қойып, еске аламыз. Бізге жеңіс сыйлаған әкемізге дән ризамыз. Мында мен бірінші рет келіп отырмын», дейді зейнеткер.

Еске алу рәсіміне посткеңестік елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары мен қызметкерлері де қатысып, гүлдестелерін қойды. Шараның ұйымдастырушысы британиялық Кеңестік әскери мемориал қоры және Лондонның Саутуарк округінің мэриясы. Тағзым ету кезінде олар миллиондаған адамның өмірін қиған сұрапыл соғыста қан кешкен сарбаздардың алдында басын иді.

«Мен бүгінгі іс-шараға Саутуарк округы халқының атынан қатысу құрметіне ие болдым. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес әскерилерінің қосқан өлшеусіз үлесі алдында басымызды иеміз. Олар фашизммен күресте өз өмірлерін құрбандыққа қиып, бізге бостандық сыйлады», дейді Саутуарк округінің мэрі Барри Харгроув.

Әдетте бұл жерге халық өте көп жиналатын. Әсіресе, соғыс ардагерлері бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болатын. Бірақ өкінішке қарай олардың қатары сиреп барады. Сондай-ақ пандемия тудырған қауіпке байланысты көбісі үйлерінен шыға алмаған. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес.

«Ковид тудырған пандемияға дейін Жеңіс күнін біз бұдан да көлемді етіп өткізетінбіз. Лондонның округтерінен көптеген мэрлер келетін. 90 жастағы ардагерлерді де көретінбіз. Бірақ соңғы екі жылда жағдай өзгерді», деді өз сөзінде Кеңестік әскери естелік қорының төрағасы Филипп Мэтьюс.

Кеңестік әскери естелік қорының құрметті хатшысы Ральф Гибсонның айтуынша, ескерткішті қоюдағы басты мақсаттардың бірі бұрынғы КСРО елдерінің жеңісті жақындатудағы үлесін халық жадында сақтау. «Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Украина, Ресей, Беларусь, Балтық республикалары бірге әрекет етті. Бүгінде КСРО ыдырағанына қарамастан бұл мемлекеттер нацизмнің машинасына қарсы жұмыла күресе білді», деді ол бізбен әңгімесінде.

Кеңес жауынгерлері мен азаматтарына арналған ескерткіш 20 жылдан астам уақыт бұрын ашылған. Қоладан құйылған 3 метрлік мемориалда төмен қарап тұрған әйел бейнеленген. Мүсіннің үстіңгі жағында қоңырау, төменінде естелік жазулар жазылған гранит тақта бар. Оның астында фашизмді жеңуге үлес қосқан елдерден әкелінген топырақ көмілген.


Соңғы жаңалықтар