Локдаунға жол бермеуіміз керек – Бекшин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында қала тұрғындарының карантин талаптарын сақтамайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалада ересектер мен балалар көшеде және скверлерде бейқам жүреді. Ешқандай сақтық шараларын сақтамайды. Бұл коронавирус инфекциясының жаңа толқынын тудыруы мүмкін.

Брифинг барысында Жандарбек Бекшин журналистердің сұрақтарына жауап бере келе қарқынды эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жаңа штамдардың айналымына байланысты локдаунды енгізу жоспарланбағанын мәлім етті.

«Барлығы біздің тәртіпке, эпидемияға қарсы шараларды сақтауға байланысты. Әрине, жаңа штамдардың анықталғаны туралы ақпарат алғанмен, біздің медициналық мекемелер сырқаттанушылық күрт өскен жағдайда ғана дайындық жүргізеді», – деді Жандарбек Бекшин.

«Алматыда коронавирустың үшінші толқыны кезінде ковидтік емханаларда 6 060 төсек-орын болды. Қазір аурудың азаюына байланысты олардың саны 1700-ге дейін төмендеді. Індетті жұқтыру артқан жағдайда емдеу мекемелері қайта бақылау жүргізеді», - деді ол.

«Бүгінде локдаунға қатысты мәселе тұрған жоқ. «Дельта» штамын жұқтырған бір жағдай анықталды. Локдаунға жол бермеуіміз керек. Ол үшін барлық шектеу шараларын сақтау қажет», – деді Жандарбек Бекшин.

Алматының бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарын екпе алуға, сондай-ақ бетперде режимі мен қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар