Ливандағы қазақ бітімгері: Біз ешкімге күш көрсетіп, қару қолданбаймыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін - БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық бітімгерлер күні. Ал бітістіру, бітімге келтіру, татуластыру қазақтың қанында бар, әдептік дәстүрінде сіңісті болған құқықтық ұстанымдарының бірі екендігі даусыз. Оған бүгінде Таяу Шығыста орналасқан Ливан Республикасындағы БҰҰ бітімгершілік миссиясының Үндістан батальоны құрамында қызмет атқарып жүрген 3-ші қазақстандық бітімгершілік ротасын атасақ да болады. Осынау атаулы датаға орай жырақта жүрген бітімгеріміз Асқар Ыбырайыммен WhatsApp мессенджері арқылы тілдескен едік.

- Асқар Дәулетұлы, елден жырақта қауіпті аймақта жүрсіз. Қиыншылыққа толы әрі жауапты қызметіңіздің қыр-сырымен бөліссеңіз.

- Иә, 6 айдан бері Ливан мемлекетінде бітімгершілік қызметін атқарып жатырмыз. Бітімгершілік ротасының ең бірінші мақсаты – бейбітшілікті сақтау және қалпына келтіру. Біздің негізгі қызметіміздің бірі - патрульдеу. Патрульдеудің екі түрі бар. Біріншісі - жаяу және көлікпен шолғындау. Бұл көпшілік арасында белгілі бір аймақта жүргізіледі. Бақылауымызға алынған аймақтың тыныс-тіршілігін жіті бақылауға алуға тырысамыз. Күдікті жайт туындағанда жедел шара қабылдап, жоғары басшылыққа баяндап отырамыз. Екіншісі - блокпостарда қызмет атқару және өзіміз тұрып жатқан базаның қауіпсіздігін күзету. Бұл кезде көліктердің әрлі-берлі жүрісін жіті бақылап, күдікті жәйт орын алар болса, шұғыл әрекет етуге тырысамыз.


Қызметтен қолымыз босаған уақытта дене дайындығына мейлінше мән беріп, спорт ойындарымен көбірек шұғылданамыз. Десанттық шабуылдаушы әскерилердің дене дайындығы өте жоғары деңгейде болуы тиіс. Сол себепті қолымыз қалт еткенде спорт шараларымен айналысып, тіл үйренуге де ден қоямыз.

Жоғарыда айтқанымдай, Ливандағы негізгі міндетіміз, яғни операциямыз - бейбітшілікті сақтау. Біз ешкімге күш көрсетіп, қару қолданбаймыз. Тек өзімізді қорғау жолындағы соңғы шара ретінде ғана қаруды қолымызға аламыз. Бітімгершілік миссиясының ең қиын әрі жауапкершілігі мол тұсы да осы. Себебі, қандай қиын әрі күрделі жағдай болса да, бітімгершілер бірінші болып қару қолдана алмайды. Себебі - оның мақсаты бейбітшілікке шақыру және сақтау.

Ливан еліндегі маңызды мәселелердің бірі - жергілікті тұрғындармен бітімгерлер арасындағы қарым-қатынасты жақсарту. Бізге дейін болған бітімгершілік роталары жергілікті тұрғындармен жылы байланыс орнатқан екен, біз де сол жолмен жүріп келеміз. Соның арқасында жергілікті тұрғындардың Қазақ еліне деген ерекше көзқарасын қалыпастырып үлгердік деп те айта аламын. Жергілікті тұрғындар кездескен сәтте қазақстандық бітімгерлерге ризашылығын, сый-құрметін білдіріп жатады.


- Халықаралық деңгейдегі қызмет жауакершілікті, білімді қажет етеді. Жергілікті халықпен байланыс орнату үшін тілді еркін меңгеру де қажет. Осы тақырыпта әңгіме өрбітсеңіз.

- Шынымен де, бұл миссия өте білімділікті әрі тапқырлықты қажет етеді. Ливанға келер алдында Қазақстанның бітімгерлер полкінде ағылшын тілін жете білуге тырыстық. Әрине, бұл жерге келгенде жетік білмесек те, өзге мемлекеттерден келген әріптестерімізбен, ағылшын тілін білетін жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас жасайтындай деңгейде ағылшын тілін меңгергенбіз. Қалағанымызды түсіндіріп, өзіміз де оларды емін-еркін түсіне аламыз. Қазіргі уақытта қазақстандық бітімгерлер Үндістанның бітімгер батальонының құрамында жүргенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Яғни, біз үнділік әскери қызметшілермен күнделікті қарым-қатынастамыз. Иә, бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз ағылшын тілінде өтіп жатыр. Бірақ, олардың ана тілдері хинди тілі болғандықтан, соны да аздап үйреніп үлгердік деп айта аламын.


- Биыл ерекше пандемия жағдайында бітімгерлеріміздің жұмысы да қиын кезеңге тап келіп отыр. Осы орайда сіздердің жұмыстарыңыз қалай жүруде? Кедергілер бар ма?

- Әлем елдерінің барлығын шарпыған коронавирус індеті Ливанға да жетті, айналып өткен жоқ. Ел аумағында барлық жер карантинге жабылып, эпидемияға қарсы іс-шаралар толықтай жүргізілді деп айта аламын. Бірақ, бұл шаралар біздің қызметімізге ешқандай кедергі келтіре алмады. Біз сақтық шараларын барынша қабылдай отырып, мойнымызға жүктелген тарихи міндетімізді толықтай жүзеге асырып жатырмыз. Бітімгерлерге вирусты жұқтыру фактілері тіркелген аудандарға сапар жасамау және жергілікті халықпен байланысты барынша шектеу ұсынылған. Жеке құраммен коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алу және болдырмау бойынша сабақ үнемі өткізіліп тұрады.

- Өзіңіз жайлы мәлімет бере кетсеңіз. Қай жерде тудыңыз, қандай оқу орнын бітірдіңіз, әскери қызметте қанша жыл еңбек етіп жатырсыз?

- Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Бертас ауылында қарапайым қазақ отбасында 1995 жылы 1 мамырда дүниеге келгенмін. Кейін ата-анам осы өңірдің Шилібастау ауылына қоныс аударып, сол жерде орта мектепті бітірдім. Содан соң Қордай ауыл шаруашылығы колледжінде мал дәрігері мамандығы бойынша білім алдым. Ал Отан алдындағы әскери борышымды Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде өткердім. 2016 жылы жоғары білім дипломын алғаннан кейін Қапшағай қаласындағы Қазақстан бітімгерлік полкіне қабылдандым. Сол уақыттан бері Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып келемін. Қазақстан Республикасының және қазақ халқының атынан осынау еліміз үшін зор мәртебе саналатын миссияны атқару мен үшін үлкен абырой деп санаймын!

- Асқар, халықаралық кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жауапты қызметіңізді абыроймен атқаруға жазсын!



Соңғы жаңалықтар