Легионерлер кетіп жатыр: «Ertis» хоккей клубын қаржыландыру қысқартылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының «Ertis» хоккей клубында оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысының Туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев оңтайландыру барлық кәсіби спорт клубтарында жүріп жатқанын атап өтті. Бұндай клубтарға бөлінетін қаржы қысқартылып, ол ақша бұқаралық спортты дамытуға бағытталады.

«Ertis» хоккей клубын жабу туралы мәселе көтерілген жоқ. Тек легионерлер командадан кетіп жатыр. Олардың орнын жастар құрамында жүрген ойыншылар толықтырады. Ал, олардың орнын спорт мектебінде жүрген балалар басады», - деді Нұрлан Есембаев.

2021 жылға хоккейді дамыту үшін «Ertis» хоккей клубының негізгі және жастар құрамына 270 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ балалар хоккейіне, олардың жарыстарға қатысуына 60 млн теңгеден артық қаржы қарастырылды. Қазіргі уақытта демеушілер тарапынан қаржы табу көзделуде.
«Ertis» хоккей клубының директоры Жұмабай Ахмутинов командаға маусым басында жүктелген тапсырма сол күйінде қалатынын айтты.

«Біздің жастар алғаш рет негізгі командаға тартылып жатқан жоқ. Бұрыннан жарыстарға қатысып жүр. Сондықтан күрес жалғасады. Облыстық әкімдік демеуші іздеп жатыр. Келесі маусымды демеушімен бастаймыз деген ойдамын. Өткен маусымда демеуші болған жоқ. Командаға ауыр болды», - деді Жұмабай Ахмутинов.

Клуб директорының сөзінше, өткен маусымда хоккейшілердің орташа жалақысы 400-450 мың теңгені құраған.
Айта кетейік, «Ertis» хоккей клубы 2012-2013, 2013-2014, 2014-2015 жылдары Қазақстан чемпионы атанған. Бірнеше мәрте ел біріншілігінде күміс және қол жүлдегер болды.


Соңғы жаңалықтар