Лауазымды тұлғалар ұсталды: Шымкенттің Мәдениет басқармасы хабарламаны теріске шығарды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аталмыш басқарманың лауазымды тұлғалары қамауға алынғаны жөніндегі хабарламасынан кейін ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған материалдарға сәйкес келесіні мәлімдейміз:
Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғалары (басшы, басшының орынбасарлары) барлығы жұмыс орнында екенін назарларыңызға жеткіземіз. Сонымен қатар, еңбек демалысында жүрген 3 маманнан басқа қызметкерлер де түгел жұмыс орнында.
Басқармаға құқық қорғау органдары тарапынан ресми хат келіп түскен жоқ», - делінген Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Instаgrаm-дағы ресми парақшасында.
Еске салайық, 11 тамыз күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкенттің Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын.

Мәлім етілгендей, олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деп күдіктелуде.

«Аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген еді ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар