Қызылорданың мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы тәжірибесі өзгелерге үлгі болмақ

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 400-ге жуық жекеменшік балабақша бар. Ол мемлекеттік білім беру тапсырысы берілген мектепке дейінгі білім мекемелерінің жалпы санының 71 пайызын құрайды. Бұл - еліміз бойынша ең жақсы көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінде ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы болып өтті. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Олар аймақтағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысады.

«Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірде 75 жоба жүзеге асырылуда. Басым бөлігі денсаулық сақтау саласы бойынша, яғни 75 жобаның 29-ы немесе 39 пайызы осы салаға тиесілі. Сондай-ақ, спорт, білім беру, цифрландыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша жобалар да іске асуда», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көшпелі отырыста.

Айта кету керек, Қызылорда облысы - мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бойынша еліміздегі бес үздік аймақтың бірі болып табылады. Жүзеге асырылатын жобалар экономиканың барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, олардың қатарында денсаулық, дене шынықтыру және спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, цифрландыру, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп және экология салалары бар.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта аймақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында  18 келісімшарт жасалған. Оның ішінде 10 медициналық диспансер құрылысы, 4 спорттық-сауықтыру кешенін жалға беру секілді жұмыстар бар.

Көшпелі отырыс барысында аймақ басшысы жобаларды іске асыру МЖӘ жобаларын тиімді жоспарлау туралы жалпы түсінік қалыптастыруды талап ететінін атап өтті.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін нақты инвесторлар қызығушылық танытқан жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ғана пайдалану керек. Өйткені, жобаларды іске асыру инвестор үшін кіріс деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекет тарапынан оларға төленетін өтемақы мөлшерін барынша азайтуға, қажетсіз шығындарды жоюға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Шарада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков,және өзге де азаматтар тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін білдірді

ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова кездесуді қорытындылады. «Біз мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салынған бірқатар балабақшалардың, нысандардың жұмысымен таныстық. Әріптестерімізбен бірге Қызылорда облысындағы бұл тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деп ойлаймыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар