Қызылорданың барлық мемлекеттік мекемелерінде Әнұран шырқалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Мемлекеттік рәміздер күніне орай барлық мемлекеттік мекемелерде бір мезетте Әнұран шырқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінде биылғы іс-шаралар короновирус инфекциясына байланысты карантин талаптарын сақтай отырып, онлайн өткізілді. Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында билбордтар, баннерлер секілді тақырыптық көрнекі құралдары ілінді. «Мемлекеттік рәміздер - ұлтымыздың мақтанышы» тақырыбында бейнероликтер жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желіде көрсетілді. Кітапханаларда, музейлерде «Мемлекеттік рәміздер –Тәуелсіздік нышаны», «Рәміздерім - мақтанышым» тақырыптарында онлайн кітап көрмелері мен экскурсиялар өткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда карантин талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерден ант қабылданды.

Атаулы күнде облыс аумағында «Менің Туым» тақырыбында арнайы акция өткізілді. Акция барысында Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы көрнекі орындарда еліміздің аспан түктес көк туы желбіреп тұрды. Мәселен, Мемлекеттік ту Қызылорда қаласының Орталық алаңында, Мемлекеттік рәміздер аллеясында, Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңадан пайдалануға берілген көп қабатты тұрғын үйдің балкондарына, «Жайна» сауда үйінің, «Болашақ» университетінің және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 5-оқу ғимаратының тұсында орналасқан жаяу жүргіншілер көпірлеріне Мемлекеттік Ту орналастырылды. Осындай шара аудан орталықтарында да болып өтті.

«Бүгін сағат 10.00-де барлық мемлекеттік мекемелерде қызметкерлер бір мезетте, карантин талаптарын сақтай отырып, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Оған барлық ұжымдар белсенді түрде атсалысты. Бүгінгі шаралар барысында «Елімнің көк байрағы – елдігімнің айғағы» тақырыбында YouTube желісіндегі «Сыр бірлігі» каналында онлайн лекторий, облыстық білім басқармасының Facebook парақшасында «Менің Қазақстаным» атты онлайн мәнерлеп оқу челленджі, онлайн патриоттық әндер байқауы, оқушылар арасында онлайн шығармалар байқауы өтті. Ал Ә.Тәжібаев кітапханасының Facebook парақшасында «Туым - намыс, ұраным - бірлік, рәміздерім -мақтанышым» онлайн білгірлер сайысы болды. YouTube желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналында «Сырлы саз» аспапты музыка айдарында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі әртістерінің біріккен онлайн концерті берілді», - деді облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары.

Атаулы күн құрметіне облыстық филармонияның Facebook парақшасында «Рәміздерім - рухымның айнасы» атты онлайн фильм концерті өтіт. Жергілікті жұртшылыққа «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясының «Отанымды сүйемін» атты онлайн балалар қойылымы көрсетілді. Қаладағы қоғамдық көліктерде және саябақтар мен сауда орталықтарында Мемлекеттік Гимн шырқалды. Қызылорда қаласының көшелерінде авто-мото және атты әскери шерулер ұйымдастырылды. Осындай шаралар барлық ауданда өз жалғасын тапты.


Соңғы жаңалықтар