Қызылордалық полицейлер коронавирусқа қарсы вакцина ала бастады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында полицейлер коронавирусқа қарсы вакцина салдыра бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері наурыз айынан бастап қатерлі індетке қарсы екпе қабылдай бастады. Оны ұйымдастыру шаралары облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан жасалған жоспар негізінде жүргізілуде.

Айта кетерлігі, пандемия кезеңінде облыстық Полиция департаментінің 26 қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қазір вирусқа шалдыққан науқастар жоқ.

«Өңірде 10 наурыздан бастап полиция қызметкерлерін вакциналау басталды. Одан бұрын полиция қызметкерлерімен аудиоселекторлық режимде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді облыстық Полиция департаментінің емхана бастығы Динара Әмірсейітова.

Екпе егу облыс орталығындағы №1, 3 және 6 емханаларда жүргізілуде. Алғашқы кезекте халықпен күнделікті тікелей байланыста қызмет атқаратын учаскелік полицейлер вакциналануда. Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылық құрамы да екпе салдырды.

«Бұл – алғашқы кезекте дәрігерлермен қатар алдыңғы шепте тұратын полицейлер үшін қажетті шара. Себебі, біз үшін жеке құрамның қауіпсіздігі өте маңызды», - деді Департамент бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.


Соңғы жаңалықтар