Қызылордалық оқушы қала көшесін жарықтандырудың тиімді тәсілін тапты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық оқушы қала көшелерін жарықтандырудың тиімді әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас өнертапқыш Мерей Сембай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәлім алады. Жаңашыл жобаларға жаны құмар өрен ұстазы Жеңісбек Жалмұрзаевпен бірге көліктердің қозғалысы арқылы электр қуатын өндіруге болатынын ғылыми негізде дәлелдеп шықты.

Көшеде үздіксіз ағылған көліктерді көрген сайын Мерей «олардың жылдам қозғалысы арқылы қандай пайдалы дүние жасауға болады» деген ойға келген екен. Арада біраз уақыт өткен соң жетекшісі Жеңісбек Жалмырзаевпен осы тақырыпта ой бөлісіп, жоба жайлы талқылаған. Зерттей келе автокөлік қозғалысындағы шығын энергиясынан электр энергиясын өндіріп, баламалы қуат көзіне айналдыру туралы идея туындаған.

«Алдымен жүрген көліктерден энергия өндірудің шағын макеті жасалды. Өндіру механизмі бірнеше бөлшектен тұрады. Ол көліктер көп шоғырланған аймақ көшелеріндегі жер астында орналасады. Олар жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешіктерге ұқсас болады. Аталмыш платформадан көлік өткен сайын құрылғы төменге түсіп, қайта орнына келу арқылы энергия өндіреді», – дейді жас өнертапқыш.

Механизм құрылысын сипаттау және қажетті есептеулер жүргізу үшін жоба авторлары Қызылорда жылу электр торабының қызметкерлерінен кәсіби кеңес алды. Сол жердегі генераторлардың жұмысын қадағалап, оның параметрлері мен құрылғылар өлшемдері жайлы ақпарат жинақтады.

«Бұл - электр энергиясын адам денсаулығына, қоршаған ортаға залалсыз түрде алудың тиімді əрі қарапайым жолы. Құрылысы қарапайым, сондықтан қомақты қаржыны қажет етпейді. Дегенмен белгілі аумақты жылдар бойы ешқандай шығынсыз жарықпен қамтамасыз ете алады. Мәселен, біздің қалада 20-дан астам жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешік бар. Солардың орнын осындай 10 конструкциямен алмастырсақ, үш жыл жылдың ішінде қомақты қаржыны үнемдей аламыз», – дейді жоба жетекшісі Жеңісбек Жалмұрзаев.

Қызылордалық өнертапқыштар бұл экономикалық, экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді саналатын жобаның әзірге отандық тәжірибеде баламасы жоқ дейді. Сондықтан алдағы уақытта тың технологияны патенттеп алып, өндіріске қосуды мақсат етіп отыр.

Естеріңізге сала кетелік, қызылордалық жас өнертапқыштар «ақылды» жылыжай да құрастырған болатын.
Соңғы жаңалықтар