Қызылордалық бағбан бамбук өсіреді

None
None
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тұратын бағбан Амантай Сарбасов көптеген жеміс ағаштарымен бірге бамбук өсіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірі негізінен шөлейтті аймақ екені белгілі. Шыбық тіксең шыға бермейтіні тағы бар. Әрбір тал-терекке ерекше күтім керек. Осындай аймақта бәрімізге таңсық бамбук ағашын кім өсіріп жатыр екен деп қызығушылық білдірдік.

Расында да, жергілікті бағбан Амантай Сарбасов бұл істі биыл қолға алыпты. Алғашқыда ол жайында нақты деректер жинақтаған. Жаһандық желіні шарлай отырып көптеген құнды мәліметтерге кезікті. Оны алу жолдарын қарастырды. Таныстары бамбук ағашының көшетін жеткізіп бергенде әуелі қалай болар екен деп ойланып қалғаны рас. Қашанда тәуекел іске білек сыбана кірісетін дағдысымен бұған да назар аударды.

«Алғашқыда өсіп кетуіне күмәнім болғаны рас. Оның себебі де жоқ емес. Негізінен ол тропиктік аймақтарда өседі. Біздің өңірдің климаты, ауа райы, топырағы оған сай келе ме? Күмәнім бекер болып шықты. Бамбук күннен күнге бойын тіктеп, жасыл желегін жайқалта түсті. Қазір бойының ұзындығы 3 метрге жетті. Суда көбірек тұруы керек. Ол жағы қамысқа ұқсас. Ұзақ жылдан бері бағбандықпен айналысқандықтан сан алуан өсімдіктерге тәжірибе жасағанды жаным қалайды», - дейді ол.

Бамбук - астық тұқымдасына жататын ағаш сабақты өсімдік. Бамбуктың 47 туысы, 200-ден астам түрі бар. Ол Австралия, Азия және Америка құрлықтарында кеңінен таралған.

«Оған ерекше күтім жасаған жоқпын. Өзі бірден-ақ бойын тіктеп кетті. Рас, біздің жеріміздің ауа райы қатал, топырағының да құнары төмен. Кейбір дақылдар мен өсімдіктерге арнайы жағдай жасалуы тиіс. «Бабын тапсаң жер жомарт» дейді ғой халқымыз. Менің бақшалығымда грек жаңғағы да өсіп тұр. Оған қоса миндаль, фундук жаңғағы да бар. Алманың 10 сортын өсіремін. Өріктің 4-5 сорты бар, жүзімнің де бірнеше сорты бақша сәнін келтіріп тұр. Ал гүлдің 12 түрі жайқала өскенде өзіңе ерекше сезім сыйлайды. Таңертең бақшама бас сұққанда сондай күйге бөленемін», - дейді бағбан.


Соңғы жаңалықтар