Қызылордада жол ережесін 181 мәрте бұзған жүргізуші айыппұл төлейді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 181 мәрте жол ережесін бұзған жергілікті тұрғын 3,5 млн теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, прокуратура өкілдері және сот орындаушылары «Борышкер» іс-шарасы аясында бірлескен рейд жүргізді.

Нәтижесінде бірнеше ай ішінде жылдамдық режимін арттырып, 181 мәрте жол ережесін бұзған 34 жастағы облыс тұрғыны қолға түсті.

Ол өзінің басқаруындағы ресейлік нөмірі бар жеңіл автокөлікпен бірнеше ай ішінде жылдамдық режимін 181 мәрте бұзған.

«Құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтайтын «Аркан» құрылғысы бойынша автокөлікке 2020 жылдың 12 маусымы мен 2021 жылдың 11 ақпаны аралығында 3 млн 591 мың 265 теңге сомасында айыппұл салынған. Сондай-ақ, жүргізуші көлікті сақтандыру құжатсыз тек жүргізуші куәлігімен басқарғаны анықталды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды» деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

Ведомство мәліметінше, құқық бұзушы енді салынған айыппұлдарды төлеуі тиіс.

Жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 612-бабы 1-бөлігімен хаттама рәсімделіп, жиналған құжаттар сотқа жолданды.


Соңғы жаңалықтар