Қызылордада жасырын уағыз жүргізген діни экстремистік ұйым белсендісі сотталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада қала аумағында жасырын уағыздар жүргізген діни экстремистік ұйым белсендісі сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаменті және Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізген болатын. Нәтижесінде «Таблиғи жамағат» діни экстремистік ұйымын жақтайтын 48 жастағы облыс тұрғыны қолға түсті.

Аталған азаматтың тыйым салынған діни экстремистік ұйымының шарттары мен дәстүрлерін ұстанатыны анықталды. Оның қызметін ұйымдастырып, діни алауыздықты қоздыратын және діни экстремистік деп танылатын ақпараттарды насихаттаған. Діни экстремистік ұйым жиындарын қала аумағында ұйымдастырып, жасырын уағыздар жүргізген.

«Арнайы іс-шаралар материалдарын талдау барысында, бұл азаматтың іс-әрекетінде құқық бұзушылық белгілері байқалған. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп - тексеру жұмыстары жүргізілді. Онда қоғамдық немесе діни бірлестікке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметіне тыйым салу немесе тарату заңды күшіне енген сот шешімі бола тұра, олардың қызметін ұйымдастыру жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, Қызылорда қалалық сотының үкімімен аталған азаматтың 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелді. Ол пробациялық бақылауға алынды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болды.



Соңғы жаңалықтар