Қызылордада жас кәсіпкер «Қаратау» брендімен отандық өнімдерін нарыққа шығарды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жаңақорған ауданында аяқ киім тігетін цех бүгінгі таңда алыс-жақынға белгілі болды. Онда барлық өнімдері таза былғарыдан тігіледі. Казіргі кезде «Қаратау» брендімен нарыққа шығып, халық сұранысын толықтай қанағаттандыра бастады. Бұл туралы ҚазАқпарат аудандық әкімдікке сілтеме жасай отырып хабарлады.

Отандық өнімді дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан цех иесі Оразай Қалымбетовтің айтуынша, бұл жерден ерлер аяқ киімінің сан түрін таңдап алуға мүмкіндік мол. Қарапайым отбасында 1993 жылы дүниеге келген Оразай өз қаржысына бастап жатқан екінші кәсібі көрінеді. Ол аяқ киім шығаруға қажетті шикізатты Ташкент, Шымкент, Ресейден алдыртуда.

Оның айтуынша, келешекте заманауи станоктар сатып алуды жоспарлап отыр. Сол уақытта баға төмендеуі мүмкін. Ал әзірге жазғы, қысқы маусымға қарай бағалары әртүрлі. Мәселен, жазғы туфлилер 5000-7000 теңге аралығында болса, қыстық маусымға арналған етіктер 9700 теңгеден сатылуда.  Бүгінде жас кәсіпкер төрт тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Одан өзге осы кәсіпке қызығушылық танытқан жастар да цехқа бір мезгіл келіп үйреніп жүр.
Цех иесінің айтуынша, аяқ киімдер таза былғарыдан дайындалады. Қарасы, қоңыры мен сұр түстілері де тұтынушының қалауына қарай саудаға ұсынылады.
«Сатып алушылардың жылы қабылдауы бізге серпін берді. Жаздық жеңіл аяқ киімдердің өкшесі барын және жайдақ табандысын да шығара бастадық», - дейді жоба жетекшісі Оразай Қалымбетов.

Әзірге цех қондырғылары бұрын қолданыста болған тігін машиналарынан құралған секілді. Сондықтан да аяқ киім тігудің басым шаруасын қолмен атқаруға тура келеді. Бірақ, оған етікшілер мойымайды. Қайта керісінше жұмыстың алға басуынан зор үміт күтеді. Мұнда күніне 10-ға жуық аяқ киім тігіліп, жергілікті сауда орындарына жөнелтіліп жатады. Оған қоса, аталмыш цех тек жеке тұрғынға ғана емес, мекемелерге де қызмет көрсетуде. Дәл қазіргі күні цех аудандағы уран шығаратын ірі зауыттың бірі - «Байкен-U» ЖШС-мен келісімге отырып, ондағы жұмысшыларды аяқ киіммен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар да тапсырыс береді екен. «Ондай жандардың өтінішін қалт жібермейміз. Кейде үйіне де апарып береміз. Оларға қолымнан келгенше көмектесу - менің парызым», - деді цех иесі. Тіпті, Қызылорда тұрғындары да осы отандық өнімді игілігіне киіп жүр. Өйткені, қалада бір ғана сауда нүктесінде аяқ киімдер сатылуда. Бұл тек бастапқысы қана. Себебі, алдағы уақытта сұраныс арта түссе, сауда нүктелерінің қатары да көбейеді деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар