Қызылордада жалған ақшамен жергілікті тұрғындарды алдаған жігіт сотталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жалған ақша жасаған 35 жастағы тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол өзінің заңсыз әрекетін 2019 жылдың қазан және 2020 жылдың ақпан айлары аралығында жүргізген. Қолдан жасалған жалған ақшаны сауда орындарында өткізумен айналысқан. Қауын сататын базарда, әртүрлі азық-түлік дүкендерінде бірнеше мәрте 5000 және 10000 теңгелік жалған банкноттармен сауда жасаған. Өзінің әрекетін кешкі және түнгі уақытта жүргізген.

Бұл жөнінде сатушылардың бірі полиция қызметіне шағым түсірген. Оған күдікті азаматты Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері анықтады.

Жәбірленушілердің жалған ақша өткізген азаматты тану хаттамасы жасалды. Сот-техникалық сараптама нәтижесі әзірленді. Алынған ақшалардың ҚР Ұлттық банк үлгілерімен сәйкес келмеуі қылмыстық іске дәлелдеме ретінде пайдаланылды.

Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 231-бабының 2-бөлігінің 2) тармағымен (жалған ақшаны сақтау және бірнеше рет өткізу) кінәлі деп танылды. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілерге келтірілген шығындар мүліктік залал ретінде сотталушыдан өндіріледі.

Ведомство мәліметінше, 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінде жалған ақша айналымы деректері бойынша 4 қылмыстық іс тіркелген. Айналымнан жалған 51 купюра алынған.


Соңғы жаңалықтар