Қызылордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаралар 12 бағытта іске асуда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы іс-шаралар 12 тақырыптық бағытта іске асуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде ел егемендігінің мерейтойлық іс-шараларын жоғары деңгейде атап өту бағытында тиісті іс-шаралар жүзеге асып келеді. Осы мақсатта 12 тақырыптық бағыт белгіленген. Оған «Жасампаздыққа толы жылдар» басты идеясы негізге алынған.

Аталған бағытта жыл басынан бері 4347 іс-шара жүзеге асқан болатын. Оның ішінде халықаралық деңгейде 3, республикалық 11 шара өткізілген. Сондай-ақ, өңірде 11 әлеуметтік нысан өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, олардың қатарында «Бір терезе» қағидаты негізінде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету азаматтық орталығы, Қызылорда қаласындағы теннис орталығы, Жалағаш кентінде салынған аудандық жабық бассейн бар. Сондай-ақ, «Бизнеске арналған үкімет» орталығы мен Сырдария ауданы, А.Тоқмағамбетов ауылында орналасқан 3 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Жалағаш, Жосалы кенттері көгілдір отынмен қамтылып, Арал ауданының Аққұлақ елді мекені, Қазалы ауданы Жанқожа, Майдакөл елді мекендері ауыз су жүйесіне қосылды.

Биыл өңірде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сыр өңірінде қос бірдей өндіріс орны іске қосылып, аймақ экономикасының ілгерілеуіне серпін бермек. Олардың қатарында «Аралтұз» АҚ-ның «Ас тұзын өндіру» цехы мен «Qazaq Qamel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты» жобалары бар. Сондай-ақ, Қармақшы ауданында жаз-қыс мезгілінде балалар демалысы үшін 150 орындық лагерь мен Қызылорда қаласындағы Ш.Есенов атындағы 150 орындық білім беру орталығының ашылуы да биылғы жылдың еншісінде.

«Аймақтағы ауқымды шаралар легі дала академигі Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы мен әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған мерекелік шаралармен жалғаспақ. Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын Тәуелсіздік жырлары» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнату да осы жылы жүзеге асырылатын ілкімді істердің қатарында. Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 30 жыл толуына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл» атты дөңгелек үстел, «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасы рөлі» атты облыстық ғылыми-практикалық конференциялар өткізуде жоспарлануда», - деп мәлім етті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Ел тәуелсіздігін мерекелеу аясында «Қайырымды істер марафоны» жобасы да қолға алынды. Жыл басынан бері облыстық волонтерлер фронт офисімен бірігіп, 22 156 адамды қамтыған 450 шара өтті. 6 548 адамға 91,7 млн теңгенің көмегі берілді. Волонтерлер фронт офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетовтің айтуынша, жыл соңына дейін 1000 қайырымды іс жасау жоспарланып отыр.Жалпыұлттық жоба бастау алғаннан бері білім беру саласы белсенді атсалысып келеді. Мектеп оқушыларынан құралған еріктілер тобы үйден оқитын, ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға көмек қолын созуда.


Соңғы жаңалықтар