Қызылордада сәуір айында 8 күнде 244 адам коронавирус жұқтырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында сәуір айының сегіз күнінде 244 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 43 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 25-і Қызылорда қаласында тіркелсе, аудандар бойынша ол Арал мен Қармақшыда - 1, Сырдария мен Шиеліде - 3, Жаңақорғанда - 4, Қазалыда - 6 жағдайдан болды.

Бүгінде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 4288 адамға жетті.

Олардың басым бөлігі вирус жұқтырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар арасынан анықталды. Мұндай науқастардың саны 20 адамды құрайды.

Соңғы аптадағы көрсеткіштер бойынша Қызылорда облысы 8 сәуірден бастап эпидахуалды бағалау матрицасында «сары» аймаққа өтті. Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 11 наурыздағы №4 қаулысына сәйкес карантин шараларын күшейту эпидемилогиялық ахуал асқынған жағдайда 5 күн ішінде жүргізіледі. Облыс бойынша «сары» аймақ 5 күн тұрақты сақталатын болса, карантин шаралары күшейтіледі.

«Жыл басынан бері жоғары көрсеткіш - ақпан айында 240 жағдай тіркелген еді. Сәуір айының небәрі сегіз күнінде 244 адам қатерлі дертке шалдықты. Бұл эпидемиологиялық ахуалдың күн сайын күрделеніп жатқандығын көрсетеді. Аймақта ойын-сауық іс-шараларын, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды өткізуге, мерекелік корпоративтерді ұйымдастыруға тыйым салынған. Соған қарамастан той өткізу, қонаққа бару, әлі де азаяр емес. Бұл ересек адамдардың өздеріне қауіп төндірумен қатар, аурудың топтасқан жағдайларының орын алуына соқтырады», - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Айта кетерлігі, Қызылорда облысында бір жасқа дейінгі сәбилердің коронавирус жұқтыруы алаңдатып отыр.



Соңғы жаңалықтар