Қызылордада полициядан қашқан көлік жүргізушісі жазаға тартылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жол ережесін бұзған «Lada Largus» автокөлігінің жүргізушісі тәртіп сақшыларынан қашып кетуге әрекеттенген. Полицияның заңды талабына бағынбаған ол көшеде тоқтамастан үйінің ашық тұрған қақпасына кіріп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл оқиға Қызылорда қаласындағы Торайғыров көшесінің бойында орналасқан. Патрульдеу кезінде полицейлерге жедел басқару орталығының операторынан қауіпсіздік белдігін тақпай, жол қозғалысы ережелерін бұзған «Lada Largus» маркалы көлігіне бағдар берілді. Полицейлер дыбыс күшейткіш құралы арқылы оған тоқтау жөнінде ескерту берген. Оған құлақ аспаған құқық бұзушы жол қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, орталық көшемен жолын жалғастыра берді. Полицейлердің заңды талабына бағынбай, жолын жалғастырған жүргізуші үйінің ашық тұрған қақпасы арқылы кіріп кеткен.

«Мән-жайды анықтау үшін 35 жастағы көлік жүргізуші Қызылорда қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Онда оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабының 2-бөлігі, 595-баптың 1-бөлігі, 602-баптың 1-1 бөлігі, 613-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Онда қауіпсіздік белдігін пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау, маневр жасау қағидаларын бұзу, сыртқы жарық түсіру аспаптарын пайдалану қағидаларын бұзу, ішкі істер органдары қызметкерлерінің талаптарын орындамау жағдайлары көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын Қызылордада 254 келі балықты заңсыз аулаған тұрғын ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар