Қызылордада полицейлер өртенген пәтер ішінде ес-түссіз жатқан әйелді құтқарды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицейлер көп қабатты тұрғын үйдің пәтерінде ес-түссіз жатқан 54 жастағы азаматшаны ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға бүгін, 21 мамырда сағат түнгі 02.55-те облыс орталығындағы «Ақмешіт» шағынауданы №2 үйдің екінші қабатында болған. Дәл сол уақытта Қызылорда қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жаяу бағыттағы қызметкерлері полиция кіші лейтенанты Талғат Шалқарбаев, аға лейтенанттар Ержан Әнепяев пен Бектұр Сатенов алдымен төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, одан кейін тұрғындарды құтқаруға шұғыл кіріскен.

Талғат Шалқарбаев қызыл жалын көрші пәтерлерге таралып кетпес үшін сөндіруге кірісті. Полицейлер жедел шешім қабылдап, пәтер есігін күш қолданып ашты. Ол жерде ес-түссіз жатқан 54 жастағы азаматшаны дереу алып шықты. Ал қалған екеуі көпқабатты үйдің тұрғындарын сыртқа шығарды. олардың арасында балалар да бар.

«Бағыт аралау кезінде жергілікті тұрғын көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққанын айтты. Біз оқиға орнына дереу жеттік. Екінші қабатта орналасқан үйдің есігін балтамен бұзып ашып, ес-түссіз жатқан әйелді далаға шығардық. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі дереу шақыртылды. Көпқабатты үй тұрғындары қауіпсіздігіне байланысты олардың барлығын сыртқа шығардық», - деп, атап өтті полиция аға лейтенанты Бектұр Сатенов.


Соңғы жаңалықтар