Қызылордада модульді инфекциялық аурухана сәуірде пайдалануға беріледі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында модульді жұқпалы аурухана сәуір айында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Емдеу орны 200 адамға арналған. Аурухананың құрылысы өткен жылы аяқталған болатын. Бүгінде құрал-жабдықтары орнатылуда. Аурухана сәуір айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қазір облыс эпидахуалды бағалау бойынша «жасыл» аймақта орналасқан. Егер жағдай күрделенсе, қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен резерв дайындалған. Өңірде екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Оған бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді.

Облыста тоғыз ПЦР-аппараты жұмыс жасауда. Тұрғындардан тәулігіне 1000-1500 сынама алынуда. Жалпы, облыста медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық қамтылды. Көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі стансалары іске қосылды.

Өткен тәулікте облыста 6 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды. Тіркелген науқастардың 5-еуі Қызылорда қаласының, 1-еуі Жаңақорған ауданының тұрғыны. Соңғы тәулікте 5 адам індеттен емделіп шықты. Пандемия кезеңінде коронавирустан барлығы 3605 науқас айықты.

Еске сала кетейік, Қызылордада алғашқы медициналық көмек көрсететін 62 нысан жаңартылады.


Соңғы жаңалықтар